СЕМИНАР-КЕҢЕС ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

2026 жылғы 15 наурызға тағайындалған республикалық референдумды әзірлеу мен өткізуге байланысты Қордай аудандық аумақтық референдум комиссиясының ұйымдастыруымен учаскелік референдум комиссияларының төрағалары мен хатшыларына арналған семинар-кеңес өтті.

Іс-шара барысында Қордай аудандық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы А.Сырлыбаев қатысушыларға референдум өткізу процесінде учаскелерді талапқа сай жабдықтау, заң талаптарының қатаң сақталуы, дауыс беруді ұйымдастыру мен өткізудің негізгі қағидаттары мен рәсімдері туралы жан-жақты түсіндірді. Сонымен қатар, дауыс беру күні қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, азаматтардың еркін және құпия дауыс беру құқығын сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Қордай аудандық аумақтық референдум комиссиясы төрағасының орынбасары Э.Күмекбай референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың тізімдерімен жұмыс жүргізу тәртібі, оларды нақтылау және жаңарту шаралары, байқаушылар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен өзара іс-қимыл жасау алгоритмі туралы егжей-тегжейлі баяндады. Сондай-ақ ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының маңыздылығы атап өтілді.

Қордай аудандық аумақтық референдум комиссиясының хатшысы Г.Ниязгулова референдумға қатысты құжаттарды дұрыс рәсімдеу, есептік құжаттаманы жүргізу, ақпараттық тақталарды әзірлеу талаптары, сондай-ақ мүгедектігі бар азаматтардың дауыс беруіне қолайлы жағдай жасау мәселелері бойынша нақты түсіндірмелер берді.

Семинар барысында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тәжірибелік ұсыныстар алды. Теориялық түсіндірмелермен қатар, нақты жағдайлар бойынша практикалық мысалдар қарастырылып, комиссия мүшелерінің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған әдістемелік ұсынымдар берілді.

Семинар-кеңес референдумды әзірлеу мен өткізудің әрбір кезеңі бойынша жауапты тұлғаларға қажетті әдістемелік көмек көрсетіп, дауыс беру процесін жоғары деңгейде, ашықтық пен жариялылық қағидаттарын сақтай отырып өткізуді қамтамасыз етуге бағытталды.

Аталған шара референдумға дайындықтың маңызды кезеңі болып табылады және барлық учаскелік комиссиялардың тиімді, үйлесімді әрі кәсіби жұмысын қамтамасыз етуге ықпал етеді.

 

Қордай аудандық аумақтық референдум комиссиясы

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-korday/press/news/details/1167661?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді