НАЗАР АУДАРЫҢЫЗ! Облыста 24 ақпаннан 24 наурызға дейін туберкулездің алдын алу айлығы өткізіледі

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қарағанды облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ағымдағы жылдың 24 ақпанынан 24 наурызына дейін облыста жыл сайын 24 наурызда атап өтілетін Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күніне орайластырылған туберкулездің алдын алу жөніндегі айлықтың өткізілетіндігін хабарлайды.

Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күні (World Tuberculosis Day) Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) шешімімен белгіленді және 1882 жылы неміс микробиологы Роберт Кох туберкулез инфекциясының қоздырғышы табылғанын жариялаған күнге сәйкес келеді. 1905 жылы бұл жаңалық үшін ғалым медицина саласындағы Нобель сыйлығымен марапатталды.

Бұл күн 1982 жылы ДДҰ мен халықаралық туберкулез және өкпе ауруларымен күрес одағының бастамасымен құрылды және туберкулез қоздырғышы — Кох таяқшасының ашылуының 100 жылдығына орайластырылды. 1993 жылы ДДҰ туберкулезді жаһандық денсаулық мәселесі деп, ал 24 наурызда Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күні деп жариялады. 1998 жылдан бастап бұл күн Біріккен Ұлттар Ұйымының ресми қолдауына ие болды.

Туберкулез әлі күнге дейін әлемдегі ең қауіпті жұқпалы аурулардың бірі болып табылады. ДДҰ мәліметтері бойынша, күн сайын туберкулезден 5000-ға дейін адам қайтыс болады және 30 мыңға жуық адам ауырады. 2000 жылдан бастап туберкулезді жою жөніндегі жаһандық күш-жігердің нәтижесінде дүние жүзінде 66 миллионға жуық адамның өмірін сақтап қалды.

Қазіргі эпидемиологиялық жағдай аурудың жаһандық таралуымен сипатталады және ешбір ел бұл мәселені елемей қала алмайды, өйткені бұл халықтың денсаулығына, экономикаға және әлеуметтік дамуға қауіп төндіреді.

Жағдай халық санының өсуімен, АИТВ-инфекциясының таралуымен, сондай-ақ туберкулезбен күресудің жекелеген бағдарламаларының тиімділігінің жеткіліксіздігімен күрделене түседі, бұл аурудың дәріге төзімді түрлерінің қалыптасуына ықпал етеді. Сырқаттанушылық пен өлім-жітімнің жоғары көрсеткіштері көбінесе уақтылы анықталмаудың және алдын алу шараларының жеткіліксіздігінің салдары болып табылады.

Айлықты өткізудің мақсаты – туберкулездің алдын алу шаралары, иммунопрофилактиканың маңыздылығы, ауруды ерте анықтау туралы халықтың хабардар болу деңгейін арттыру, сондай-ақ алғашқы медициналық-санитариялық көмек дәрігерлерінің фтизиосақтығын арттыру. Туберкулездің алғашқы белгілері, уақтылы медициналық көмекке жүгіну қажеттілігі және емдеудің тиімділігі туралы халықты ақпараттандыруға ерекше назар аударылады.

Айлық шеңберінде алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарында, босандыру ұйымдарында және облыстың туберкулезге қарсы ұйымдарында барлық ақпараттық алаңдарды (БАҚ, әлеуметтік желілер және т.б.) пайдалана отырып, халық арасында кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.

Бұдан басқа, адамдар көп жиналатын жерлерде: Қарағанды қаласының сауда нүктелерінде (ОӘО, “Умай” СҮ, “Глобал Сити” СҮ, “Шығыс”, “Алтын-Арба”, “Арай” базарлары және т. б.), Теміртау қаласында (“Аян-Пассаж” СҮ),  сондай-ақ Балқаш қаласында халыққа профилактикалық тексерулер жүргізу үшін жылжымалы флюорографиялық қондырғылардың жұмысы ұйымдастырылады.

 2026 айлығының ұраны – «Иә! Біз туберкулезді жеңеміз! Қазақстанның көшбасшылығы, инновация және халықтың күшімен!» – туберкулездің медициналық, әлеуметтік және экономикалық салдарына жұртшылықтың назарын аудару және аурудың жаһандық індетін тоқтату жөніндегі бірлескен күш-жігерді жандандыру қажеттігін атап көрсетеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-karaganda/press/news/details/1168204?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді