Қарағанды облысы аумағында полиция мен қоғам өкілдері құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшін күш біріктіруде

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қарағанды облысы аумағында полиция мен қоғам өкілдері құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшін күш біріктіруде Қарағанды облысы Полиция департаментінің ғимаратында облыстың ПД бастығының орынбасары Жасқайрат Қайыровтың учаскелік полиция инспекторларымен және ПИК/МИБ (КСК/ОСИ) төрағаларымен жұмыс кездесуі өтті. Басқосу «Заң және тәртіп» идеологиясын іске асыру және өзара іс-қимылды жаңа деңгейге көтеру мәселелеріне арналды. Іс-шараға қоғамдық қауіпсіздік, әкімшілік, криминалдық және көші-қон полициясы басқармаларының басшылары, сондай-ақ Қарағанды қаласы полиция бөлімдері бастықтарының орынбасарлары қатысты.
Кездесуді ашқан Ж. Қайыров құқық бұзушылықтардың алдын алуда бірыңғай әрі тиімді тәсіл қалыптастырудың маңызын атап өтті. Ол 2 наурыздан бастап күшіне енетін Профилактика туралы заң талаптарына ерекше тоқталып, оның қоғамдық қауіпсіздік жүйесін жаңғыртудағы рөлін айқындады. – Профилактика туралы жаңа заң – бұл тек құқықтық құжат емес, алдын алу жұмысының сапасын арттыруға бағытталған жүйелі қадам. Қоғам белсенді түрде тартылған кезде ғана нақты нәтижеге қол жеткізе аламыз. Осы ретте ПИК/МИБ (КСК/ОСИ) пен учаскелік инспекторлар өз аумақтарында шешуші буынға айналады, – деді ол. Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Рустам Сергазинов азаматтардың қауіпсіз орта қалыптастыруға қатысуын кеңейту бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Бүгінде Қарағанды облысы аумағында 579 белсенді азаматты біріктіретін 194 қоғамдық құрылым жұмыс істейді. Бұл – өңір тұрғындарының қоғамдық тәртіпті сақтауға деген жауапкершілігінің айқын көрінісі. Таза Қазақстан бағдарламасы аясында абаттандыру және санитарлық тазалықты қамтамасыз ету бағытында бірлескен іс-шаралар жүйелі түрде жүргізілуде. Әсіресе қыс мезгілінде аумақтарды қардан тазалау және шатырлардағы мұз қатпарларының алдын алу жұмыстары өзекті. Жыл басынан бері санитарлық талаптарды бұзудың 5 мыңнан астам дерегі анықталып, тиісті шаралар қабылданды. Бұл – полиция мен қоғамның үйлесімді әрекетінің нақты нәтижесі. Кездесу барысында қатысушылар өзара ықпалдастықты жетілдіру, ақпарат алмасуды күшейту және қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыру бойынша ұсыныстарын ортаға салды. Жекелеген күрделі жағдайларды шешу үшін ведомствоаралық комиссия құру туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар бір тұрғын үй кешеніндегі 146 бейнебақылау камерасын «Перспектива» үкіметтік емес ұйымына немесе Жедел басқару орталығына қосу мүмкіндігі қарастырылды. – Қауіпсіздік – ортақ жауапкершілік. «Заң және тәртіп» қағидаттарын тиімді іске асыру үшін біз халықпен тұрақты байланыста болып, әрбір сигналға жедел әрі кәсіби әрекет етуіміз қажет. Сонда ғана азаматтардың құқықтары мен тыныштығын толық қамтамасыз ете аламыз, – деп түйіндеді Ж. Қайыров. Іс-шара соңында құқықтық тәртіпті нығайтуға белсенді үлес қосқан 10 ПИК/МИБ (КСК/ОСИ) төрағасы алғыс хаттармен марапатталды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-karaganda/press/news/details/1167443?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді