АУДАНДА АЗАМАТТАРДЫ АУЫЛДЫҚ ЕЛДІ МЕКЕНДЕРГЕ ҚОНЫС АУДАРУ МӘСЕЛЕСІ БОЙЫНША ЖИНАЛЫС ӨТТІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Аудан әкімдігінде азаматтарды ауылдық елді мекендерге көшіру және «Ерікті түрде қоныс аудару» бағдарламасын іске асыру мәселелері бойынша жұмыс кеңесі өтті. Жиналыс барысында Мансап орталығының аталған бағдарлама аясында атқарып жатқан жұмыстары жан-жақты қаралды.

Аталған бағдарлама шеңберінде азаматтар өз өңірі ішінде ғана емес, басқа облыстарға да қоныс аудара алады. Бағдарламаның негізгі мақсаты – жұмыс күші артық өңірлерден жұмыс күші тапшы аймақтарға көшіру арқылы еңбек нарығын теңгерімдеу, азаматтарды тұрақты жұмыспен қамту және ауылдық аумақтардың дамуына серпін беру.

Қоныс аударудың екі бағыты қарастырылған: өңіраралық және облысішілік көшу. Өңіраралық қоныс аудару аясында азаматтарды еңбек күші жетіспейтін облыстарға орналастыру және кәсіпкерлік бастамаларға қолдау көрсету көзделсе, облыс ішінде экономикалық даму әлеуеті төмен елді мекендерден даму орталықтарына көшуге мүмкіндік беріледі. Бұл ретте мемлекеттік тұрғын үй қорынан немесе жұмыс берушілер есебінен тұрғын үймен қамтамасыз ету және тұрақты жұмысқа орналастыру шаралары қарастырылады.

Бағдарламаға қатысушыларға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, әрбір отбасы мүшесіне 70 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көшуге арналған субсидия төленеді. Сонымен қатар тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу шығындары өтеледі. Қоныс аударушыларды жұмысқа орналастыру, оқыту және кәсіпкерлік бастамаларын қолдау бағытында да нақты шаралар қабылданған.

Тұрғын үйді жеке меншікке сатып алуға ниетті азаматтар үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты қарастырылған. Сертификат бір рет өтеусіз және қайтарымсыз негізде беріліп, бір отбасыға тұрғын үй құнының 7 миллион теңгеге дейінгі бөлігін жабуға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта аудан аумағында «Ерікті қоныс аудару» бағдарламасына 17 отбасы қатысуда. Барлық отбасыларға әрбір отбасы мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде көшуге арналған субсидия берілді. 13 отбасыға тұрғын үй сатып алуға 1625 АЕК көлемінде экономикалық ұтқырлық сертификаттары табысталды. Қалған 4 отбасы сертификат алу үшін қажетті құжаттарды жинау үстінде. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.

Жиналыс қорытындысы бойынша аудан әкімі бірқатар нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, қоныс аударушыларды тұрақты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету, тұрғын үй сапасын бақылау, әлеуметтік инфрақұрылымды (мектеп, медицина, жол, интернет) дамыту, сондай-ақ ауылдық елді мекендерде кәсіпкерлікті қолдау тетіктерін күшейту тапсырылды. Сонымен қатар бос жұмыс орындары жәрмеңкелерін тұрақты өткізу, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыру және қоныс аударушыларды бейімдеу шараларын жүйелеу міндеттелді.

Аудан басшысы ауылдық аумақтарды дамыту, қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру және тұрғындардың әл-ауқатын арттыру – басым бағыттардың бірі екенін атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты бақылауда болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda-nurinsk/press/news/details/1168652?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді