Алматыда полиция балалардың жол қауіпсіздігіне ерекше назар аударуда

Жарияланды:

Автор:

категорияда

     Алматы қаласы полиция департаменті балалар арасындағы жол-көлік жарақаттануының алдын алу мақсатында профилактикалық жұмыстарды жүйелі түрде жүргізуде.

     Осы бағытта Алматы қаласының Наурызбай ауданында полиция қызметкерлері балалардың жол қауіпсіздігіне арналған түсіндіру іс-шарасын ұйымдастырды.

     Іс-шара барысында тәртіп сақшылары ата-аналар мен ересектерге жол қозғалысы қағидаларын сақтаудың маңыздылығын түсіндіріп, балаларға жолдағы қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруда олардың үлгі болуы қажет екенін атап өтті.

     Айта кету керек, ішкі істер органдары жүйесінде биылғы жыл “Заң мен тәртіп – балалық шақ қауіпсіздігінің кепілі” ұранымен өтуде. Осыған орай кәмелетке толмағандардың жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ересектердің жауапкершілігін арттыру мәселесіне ерекше назар аударылуда.

— Балалар ересектердің іс-әрекетін қайталайды. Сондықтан олардың жолдағы қауіпсіздігі ең алдымен бізге байланысты. Ата-аналарды балаларға үлгі болуға, жол қозғалысы қағидаларын түсіндіріп қана қоймай, оны іс жүзінде көрсетуге шақырамыз. Ересектер мен полицияның бірлескен жұмысы ғана балалар арасындағы жол-көлік жарақаттануын азайтуға мүмкіндік береді, — деді Дидар Жакипбаев.

     Полиция қызметкерлері алдағы уақытта да білім беру ұйымдарымен және ата-аналармен бірлескен профилактикалық жұмыстарды жалғастыратынын жеткізді. Сонымен қатар азаматтарды балаларға жолда мұқият болуды үйретіп, жол қозғалысы қағидаларын қатаң сақтауға және қауіпсіздік мәдениетін ерте жастан қалыптастыруға шақырды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1169204?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді