
ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы мен Азия Даму Банкі (АДБ) 2026-2027 жылдарға арналған статистиканы жетілдіру бағдарламасын іске қосты. Бастама деректердің сапасын, ашықтығын және халықаралық салыстырмалығын арттыруға, сондай-ақ мемлекеттік шешімдер қабылдау үшін талдамалық базаны нығайтуға бағытталған.
Бағдарламаның таныстырылымына Бюро басшысы Мақсат Тұрлыбаев, Қазақстандағы АДБ өкілдігінің директоры Утсав Кумар, банктің халықаралық сарапшылары, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Бағдарлама Қазақстан Республикасының Үкіметі мен АДБ арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум шеңберінде жүзеге асырылып, тең үлесте қаржыландырылады, бұл ретте Банк салымы грант түрінде беріледі.
Ұлттық статистика бюросы бағдарламаның атқарушы органы ретінде белгіленіп отыр. Бағдарламаны іске асыру әдістемелерді жаңғыртуды, деректерді өңдеудің заманауи технологияларын енгізуді және ведомство ішінде, басқа да мүдделі тараптар арасында мамандар даярлауды қамтиды.
«Статистиканы жетілдіру бағдарламасы әдіснамаларды жаңартуға, цифрлық құралдарды енгізуге және саланың кәсіби әлеуетін арттыруға баса назар аударады. Бұл мемлекеттік шешімдердің неғұрлым негізделе отырып қабылдануын қамтамасыз етуге және ресми деректерге деген сенімді арттыруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев.
Бағдарламаның негізгі бағыттары 2025 жылғы Ұлттық шоттар жүйесіне көшуді және табиғи-экономикалық шоттарды енгізуді, баламалы деректер көздерін пайдалана отырып эксперименттік статистиканы дамытуды, экономикалық, әлеуметтік және экологиялық көрсеткіштерді визуализациялау үшін геоақпараттық жүйені құруды, іріктемелі зерттеулердің барлық кезеңдерін оңтайландыруды және кәсіпкерлік белсенділіктің динамикасы мен құрылымын бағалау үшін бизнес-демография бойынша жаңа көрсеткіштерді енгізуді көздейді.
2026-2027 жылдарға арналған бағдарлама халықаралық стандарттар мен үздік әлемдік тәжірибелерге сәйкес келетін заманауи, технологиялық және тиімді статистикалық жүйені қалыптастыруға бағытталған. Статистиканы модернизациялау Мемлекеттік басқарудың кең реформасының бөлігі ретінде қарастырылады. Ресми деректердің сапасы бюджеттік жоспарлауға, әлеуметтік-экономикалық саясатқа, елдің инвестициялық тартымдылығына және оның халықаралық рейтингтердегі ұстанымына тікелей әсер етеді.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін АДБ қолдауымен Бюрода бақыланбайтын экономиканы бағалау, ресурстардың цифрлық кестелерін дамыту және оларды пайдалану, сондай-ақ қызметкерлерді визуалды және болжамды талдау әдістеріне оқыту бойынша жобалар іске асырылған болатын.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/stat/press/news/details/1169352?lang=kk

Жауап қалдыру