
25 ақпан күні Қарақия ауданы аумағында “Көктем-2026” республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы ұйымдастырылып, азаматтық қорғау жүйесінің қыс мезгіліндегі төтенше жағдайларға дайындығы пысықталды.
Оқу-жаттығудың негізгі мақсаты-қысқы кезеңде орын алуы мүмкін төтенше жағдайлардың алдын алу, жауапты мекемелердің өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіру және жалпы дайындық деңгейін арттыру. Іс-шара барысында жедел әрекет ету қызметтері шартты жағдайлар бойынша шұғыл шешім қабылдап, күш пен құралдарды жұмылдыру, ақпарат алмасу және халықты құлақтандыру алгоритмдерін тәжірибе жүзінде сынақтан өткізді.
Командалық-штабтық форматтағы жаттығу аясында табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардың ықтимал сценарийлері қарастырылып, азаматтық қорғау құрылымдарының басқару жүйесі тексерілді. Сонымен қатар, төтенше ахуал кезінде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, эвакуациялық шараларды ұйымдастыру және инфрақұрылым нысандарының үздіксіз жұмысын сақтау мәселелеріне баса назар аударылды.
Мамандардың айтуынша, мұндай оқу-жаттығулар қызметтердің шұғыл әрі үйлесімді әрекет ету қабілетін арттырып қана қоймай, материалдық-техникалық базаның әзірлігін бағалауға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде нақты қауіп төнген жағдайда адам шығыны мен материалдық залалды азайтуға септігін тигізеді.
“Көктем-2026” республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы азаматтық қорғау жүйесінің дайындығын нығайтып, төтенше жағдай туындаған сәтте халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шаралардың тиімділігін көрсетті. Осындай жүйелі жұмыстар өңірдегі қауіпсіздік мәдениетін арттырып, табиғи және техногендік сипаттағы сын-қатерлерге төтеп беруге берік негіз қалайды.
Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-karakiya/press/news/details/1169454?lang=kk

Жауап қалдыру