Жетісу облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында есірткі заттарын заңсыз сату дерегінің жолын кесті.
Бақылау сатып алу аясында заңсыз өткізу фактісі құжатталды: 34 жастағы ер адам сатып алушыға өсімдік тектес, ұнтақ тәрізді, жасыл түсті, өзіне тән иісі бар екі орама затты сатқан. Тәркіленген заттың жалпы салмағы 9 грамнан асты.
Сол күні Талдықорған қаласындағы жалдамалы пәтерде есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар деген күдікпен жергілікті тұрғын ұсталды.
Санкцияланған тінту барысында Еркін ауылындағы тұрғылықты мекенжайында, шаруашылық құрылысында (сарайда) полиция қызметкерлері өсімдік тектес, ұнтақ тәрізді, жасыл түсті, өзіне тән иісі бар 111 қағаз ораманы анықтап, тәркіледі. Алғашқы тексеру нәтижелері бойынша алынған заттың гашиш екені анықталды.
Тергеу әрекеттері жалғасуда. Күдікті қамауға алынды.
«Тәркіленген әрбір орама — құтқарылған тағдыр. Біздің мақсатымыз тек күдіктіні ұстау ғана емес, жастар арасында есірткінің таралуына жол бермей, қоғамды есірткі қылмысының жойқын салдарынан қорғау», — деп атап өтті полиция өкілдері.
Полиция қызметкерлерінің үйлесімді әрі кәсіби жұмысының арқасында есірткі құралдарының ықтимал тарату арнасы тоқтатылып, олардың жаппай таралуының алдын алу мүмкін болды.
Еске саламыз, есірткі құралдарын, психотроптық заттарды және олардың аналогтарын заңсыз сатып алу, сақтау, сату мақсатында тасымалдау, жөнелту немесе өткізу бес жылдан сегіз жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасына әкеп соғады.
#законипорядок #заңментәртіп #есірткігежолжоқ
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-zhetysu/press/news/details/1169448?lang=kk

Жауап қалдыру