РЕФЕРЕНДУМ-2026: ДЕНДРОСАЯБАҚ ҰЖЫМЫМЕН ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ ЖОБАСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Шымкент қаласындағы А.Асқаров атындағы дендросаябақта «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» коалициясы мүшелерінің қатысуымен кездесу өтті. Басқосу барысында ұжым қызметкерлеріне Жаңа Конституция жобасының мазмұны таныстырылып, алдағы референдумның маңызы жан-жақты түсіндірілді.

Кездесуге ҚР Парламенті Сенатының депутаты Айгүл Қапбарова, «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, мәслихат депутаттары Ерғали Білісбеков пен Талғат Ысқақов, «AMANAT» партиясы Абай аудандық филиалының төрағасы Нұрғазы Бұхарбаев және аудандық партия филиалының атқарушы хатшысы Әбдез Рахманұлы қатысты.

Жиын барысында Конституция жобасында қарастырылған өзгерістердің негізгі бағыттары – мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейту, қоғамдағы ашықтық пен әділеттілікті нығайту мәселелері сөз болды.

Айгүл Қапбарова өз сөзінде Конституциялық жаңғыру ел дамуының жаңа кезеңін айқындайтынын атап өтті.
«Бұл құжат – болашақ ұрпақтың өмір сапасына тікелей әсер ететін стратегиялық шешім. Сондықтан әрбір азамат реформалардың мәнін түсініп, референдумға жауапкершілікпен қарауы қажет. Біз үшін халықтың пікірі – басты бағдар», – деді сенатор.

Ал Ербол Байқонысов еңбек ұжымдарымен тікелей кездесудің маңыздылығына тоқталды.
«Осындай ашық диалог алаңдары арқылы біз қоғамның әр саласының пікірін ескереміз. Конституциялық өзгерістер – ортақ мүдде жолындағы қадам. Сондықтан ақпаратты дұрыс түсініп, саналы шешім қабылдау – әр азаматтың азаматтық ұстанымының көрінісі», – деді ол.

Кездесу барысында дендросаябақ қызметкерлері өз сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Еркін форматта өткен жиын қатысушылардың Конституция жобасына қатысты көзқарасын кеңейтіп, референдумға белсенді қатысуға үндеді. Сондай-ақ, коалиция мүшелері арнайы үгіт-насихат парақшаларын таратып, толық мағлұмат берді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent/press/news/details/1170361?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді