АЛҒЫС АЙТУ – ЖАҚСЫЛЫҚТЫҢ ЖАРШЫСЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

1 наурыз – Халықаралық Алғыс айту күніне орай «Темір ауылдық мәдениет» үйі мен «Белсенді ұзақ өмір» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының бірлесіп ұйымдастыруымен «Алғыс айту – жақсылықтың жаршысы» тақырыбында тағылымы мол дөңгелек үстел жиыны өтті. Шараның басты мақсаты – қоғамда сыйластық пен ризашылық құндылықтарын дәріптеу, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету дәстүрін насихаттау, адамдар арасындағы мейірімділік пен татулықты нығайту болды.

Жиын барысында Темір ауылының тұрғыны, еңбек ардагері Т. Ерқұлов сөз сөйлеп, ел бірлігі мен татулығын сақтауда алғыс айту мәдениетінің маңызы ерекше екенін атап өтті. Сондай-ақ Түркістан облыстық «Шуақты Аналар» қоғамдық бірлестігінің Отырар ауданы бойынша филиал төрайымы Ұ. Арыстан аналық мейірім мен ізгілік құндылықтары жайында ой қозғап, бүгінгі ұрпаққа өнеге болатын тәрбиелік пікірлерімен бөлісті. Еңбек ардагері Н. Шыныбек те өз сөзінде өткен өмір жолынан сыр шертіп, қиын кезеңдерде халықтың бір-біріне деген жанашырлығы мен қолдауының маңызын еске алды.

Шараның көркемдік бөлімі де ерекше әсерге бөледі. «Темір жалпы орта мектебінің» оқушылары алғыс пен ризашылық туралы жүрекке жылы тиетін өлеңдер оқып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. «Данагөй әжелер» хор ұжымы әсем әндерін шырқап, ұлттық рухты дәріптеді. Ауылдық клубтың мәдени іс-шара ұйымдастырушысы Е. Смайлов пен өнерпаз Б. Орынбай орындаған әндер жиынның мазмұнын байытып, қатысушылардың ыстық ықыласына бөленді.

Кітапхана меңгерушісі Айман ханым ұйымдастырған «Жүректен жүрекке» атты сергіту сәті қатысушыларды ерекше әсерге бөлеп, әркім өз алғысын білдіріп, жылы лебіздерімен бөлісуге мүмкіндік алды. Басқосу барысында ауыл тұрғындары бір-біріне ризашылықтарын айтып, ізгі тілектерін арнады.

Мазмұнды өткен шара соңында ұйымдастырушылар алғыс айту күні – тек мерекелік дата ғана емес, адамдар арасындағы сыйластықты арттыратын, жүректерді жақындастыратын маңызды күн екенін атап өтіп, қатысушыларға ризашылықтарын білдірді. Кездесу көтеріңкі көңіл-күймен аяқталып, көпшілікке рухани әсер сыйлаған тағылымды басқосу ретінде есте қалды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-otyrar-timur/press/news/details/1171967?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді