Бизнесті қолдау, өнеркәсіп, сауда және туризмді дамыту: Астанада жыл қорытындысы шығарылды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Елордадағы Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Әшімов ведомствоның 2025 жыл қорытындысы бойынша атқарған жұмыстары туралы баяндады.

2025 жылдың қорытындысы бойынша елордада белсенді жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 270 мыңнан асты. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 10,1%-ға жоғары. 2025 жылы жалпы саны 25 мыңнан астам жаңа кәсіпорын ашылды.

Өткен жылдың 9 айында кәсіпкерлер шамамен 15 трлн теңгенің өнімін өндіріп, өсім 22%-ды құрады.

Бизнесті қолдау мақсатында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының базасында шағын және орта бизнеске арналған кепілдік қоры құрылды. Қор қаржыландыру көлемі 7 млрд теңгеге дейінгі жобаларды қамтиды және жеткілікті кепілмен қамтамасыз етілмеген кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған, сондай-ақ мемлекеттік қаражатқа тәуелділікті төмендетуді көздейді. «Даму» қоры несие сомасының 85%-ына дейін кепілдік беріп, кәсіпкерлерге тиімді шарттармен қарыз алуға мүмкіндік береді.

2025 жылы «Даму» қоры арқылы жүзеге асырылатын «Өрлеу» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы енгізілді. Бағдарлама басым секторлар бойынша іске асырылады. Жеңілдетілген несиенің ең жоғары мөлшері – 7 млрд теңгеге дейін, мөлшерлемесі – 12,6%.

Сонымен қатар «Астана Бизнес» жергілікті жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы да жұмыс істейді.

Елордада өнеркәсіп саласы қарқынды дамып келеді. 2025 жылдың 12 айының қорытындысы бойынша өнеркәсіп көлемі жоспарлы көрсеткіштен үштен бірге асып, 3,5 трлн теңгені құрады, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі – 3,3 трлн теңге.

Өнеркәсіп кәсіпорындарының басым бөлігі Индустриялық парк №1 аумағында орналасқан. Мұнда жалпы құны 372 млрд теңгеден асатын 145 жоба бар. Оның 96-сы іске қосылып, толыққанды жұмыс істеуде, ал 49 жоба іске асыру кезеңінде.

Парк аумағында 30-дан астам жоба шетелдік инвестициялар тарту арқылы жүзеге асырылуда.

2025 жылы 57,9 млрд теңге сомасына 26 жоба пайдалануға беріліп, 1 665 жұмыс орны құрылды.

«Ағымдағы жылы құрылыс индустриясы, жиһаз өндірісі, машина жасау, қоймалау және басқа да салаларда жалпы құны 140 млрд теңгеден асатын шамамен 30 жобаны іске қосуды жоспарлап отырмыз.

Индустриялық парк №1-дің табысты жұмысын ескере отырып, мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы екінші индустриялық паркті құру жобасы жүзеге асырылуда. Жобаны 2028 жылға дейін аяқтау жоспарланған.

Екінші индустриялық парк аумағына машина жасау, тамақ өнеркәсібі, құрылыс, жеңіл өнеркәсіп, жиһаз өндірісі және медицина салаларында жалпы құны 500 млрд теңгені құрайтын 100-ден астам жобаны тарту жоспарлануда», – деді спикер.

Елордадағы инвестициялық ахуалды жақсарту басқарманың негізгі бағыттарының бірі болып табылады. 2025 жылы қала экономикасына 2,5 трлн теңге көлемінде рекордтық инвестиция тартылып, нақты өсім 21,3%-ды құрады. Оның ішінде жеке инвестициялар көлемі 1,6 трлн теңгені құрады.

Өткен жылдың 9 айында тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 2,4 млн АҚШ долларын құрап, өткен жылмен салыстырғанда 2,7 есеге артты.

Өсім динамикасына жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар, соның ішінде Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаға (ҰЦИП) енгізілген жобалар айтарлықтай әсер етуде.

Қазіргі уақытта жалпыұлттық инвестициялық жобалар пулында жалпы инвестиция көлемі 2,1 трлн теңгені құрайтын және 22,5 мың жұмыс орнын құруды көздейтін 151 жоба бар. Жобалар негізінен логистика, өнеркәсіп және білім беру салаларында іске асырылуда.

«Қала экономикасында сауда және қызмет көрсету саласының үлесі шамамен 80%-ды құрайды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша сауда саласындағы өсім 8,9%-ды құрады. Оның ішінде бөлшек сауда айналымы 15,5%-ға, көтерме сауда 6,4%-ға өсті.

Қазіргі заман талаптарына сай көше саудасын дамыту мақсатында “Көше саудасын жүргізуге арналған павильондарды орналастыру” бағдарламасы аясында қала бойынша 345 жұмыс істеп тұрған павильон орналастырылды.

Сауда павильондарын орналастыру тәртібін реттеу бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде, оның ішінде мониторинг жүзеге асырылуда. Ағымдағы жылдың өткен кезеңінде белгіленген талаптарды бұзған 225 сауда павильоны демонтаждалды», – деді басқарма өкілі.

Басқарма жұмысының тағы бір негізгі бағыты – туризмді дамыту.

2025 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша елордаға шамамен 1,2 млн адам келді, бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9%-ға жоғары. Талдау нәтижесі бойынша туристердің 77%-ы демалыс, іс-шаралар мен шопинг мақсатында, ал 23%-ы іскерлік және мәдени сапарлар аясында келеді.

Елордаға келетін туристер саны бойынша ТОП-5 елдің қатарына Ресей, Қытай, Түркия, Германия және АҚШ енді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana-uir/press/news/details/1173119?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді