
Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров азаматтарды жеке қабылдап, тұрғындар тарапынан көтерілген әлеуметтік, инфрақұрылымдық және жұмыспен қамту бағытындағы өзекті мәселелерді тыңдады. Қабылдау барысында әрбір өтініш жан-жақты қаралып, нақты шешу жолдары айқындалды.
Жеке қабылдауға барлығы 4 азамат қатысып, 5 мәселе көтерілді. Тұрғындардың өтініштері ауданның әлеуметтік қамту, жол-көлік инфрақұрылымы, жұмыспен қамту және кәсіпкерлік бағыттарын қамтыды.
Атап айтқанда, Шорнақ ауылдық округінің тұрғыны 2,5 жылдық жұмыс өтілі үшін жалақының толық төленбеуі мәселесін көтерді. Аталған мәселе бойынша аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне нақты тапсырмалар жүктеліп, қолданыстағы еңбек заңнамасына сәйкес зерделеу жүргізу тапсырылды.
Көксарай ауылының тұрғыны жол және көпір мәселесін қозғады. Белгілі болғандай, Абай елді мекенінде өткен жылы 6 шақырым жолға тас төсеу жұмыстары жүргізіліп, қазіргі таңда жол қатынасы қалыпты. Ал Көксарай көпіріне қатысты жобалық-сметалық құжаттама әзірлену үстінде. Майдантал ауылының тұрғыны Күлзара Орымбекова ақылы қоғамдық жұмыс бағдарламасы арқылы жұмысқа орналасу мәселесін жеткізді. Мамандар тарапынан түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, тұрақты жұмыс орны ұсынылғанымен, азаматша ұсынылған жұмыс орнынан бас тартқан. Сонымен қатар, Үшқайық ауылдық округінің тұрғыны балық шаруашылығын дамыту үшін қажетті инфрақұрылым мәселесін шешіп беруді сұрады. Бұл мәселе аудан әкімдігінің коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөліміне жолданып, заңнама аясында қаралатын болды.
Қабылдау барысында аудан әкімі әрбір мәселе жеке бақылауға алынатынын атап өтті. «Әрбір азаматтың өтініші назарымызда. Мәселені тек тыңдап қана қоймай, нақты шешу жолдарын қарастыру біздің басты міндетіміз. Заң аясында, кезең-кезеңімен барлық көтерілген мәселелердің орындалуын қадағалаймыз», – деді аудан әкімі.
Азаматтарды жеке қабылдау тұрғындармен ашық әрі тиімді кері байланыстың маңызды тетігі. Сауран ауданында өткізілген бұл қабылдау барысында көтерілген мәселелер бойынша жауапты бөлімдерге нақты тапсырмалар беріліп, орындалуы қатаң бақылауға алынды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sauran-turkestan/press/news/details/1173467?lang=kk

Жауап қалдыру