
Атырау облысының прокуроры Мадияр Басшыбаев Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің IT бағыты бойынша білім алатын студенттерімен кездесу өткізді. Кездесу ашық пікір алмасу форматында ұйымдастырылып, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні құқық қорғау саласына енгізу мәселелері талқыланды.
Жиында облыс прокуроры қазіргі кезеңде жасанды интеллекттің маңыздылығының артып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, жасанды интеллект мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуда, деректерді талдауда және шешім қабылдау сапасын арттыруда тиімді құралға айналып отыр. Цифрлық технологияларды кеңінен қолдану қадағалау қызметінің ашықтығын қамтамасыз етіп, заң талаптарының орындалуын бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.
Кездесу барысында прокуратура органдары қызметін цифрландыру бағытындағы бастамаларға ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, үлкен деректерді талдау арқылы құқық бұзушылықтардың алдын алу, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ерте анықтау және азаматтардың өтініштерін жедел қарау тетіктерін жетілдіру мәселелері талқыланды.
Студенттер өз кезегінде ІТ саласындағы жобаларын таныстырып, мемлекеттік органдармен бірлескен инновациялық бастамаларды жүзеге асыруға қызығушылық білдірді. Сондай-ақ прокуратура органдарында өндірістік тәжірибеден өту және бірлескен пилоттық жобаларды іске қосу мүмкіндіктері талқыланды.
Облыс прокуроры құқық пен ақпараттық технологияны ұштастыра білетін жас мамандарға сұраныс жоғары екенін жеткізді. Оның пікірінше, IT қауымдастықпен тығыз әріптестік орнату өңірде заңдылықты нығайтуға және азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған заманауи цифрлық шешімдерді енгізуге жол ашады.
Кездесу соңында тараптар прокуратура органдарының цифрлық трансформациясы аясында өзара ынтымақтастықты жалғастыруға және бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға дайын екендіктерін білдірді.
Атырау облысының прокуратурасы
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/prokuratura-atyrau/press/news/details/1173922?lang=kk

Жауап қалдыру