
Үкіметте ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі штаб отырысы өтті. Онда жеңіл өнеркәсіпті дамыту мәселесі қаралды, деп хабарлайды Primeminister.kz. Талқылауға салалық қауымдастықтардың, оның ішінде «Qaz Textile Industry» жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының ұлттық бірлестігі» өзін-өзі реттейтін ұйымының және «Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының өзін-өзі реттейтін ұйымы» ЗТБ және саланың ірі кәсіпорындарының, оның ішінде «AZALA Group» МК, «Qazaq Tigin Fabrikasy» ЖШС, «Қазжеңілөнеркәсіп-Алматы» ЖШС, «Глобал-Арнайыкиім» ЖШС, «ТаразТеріАяқкиім» ЖШС төрағалары және басқалар қатысты. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, соңғы бес жылда жеңіл өнеркәсіп тұрақты дамуды көрсетіп келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өндіріс көлемі НКИ-дің 3%-ға өсу жоспарымен 13,2%-ға өсіп, 260 млрд теңгеге жетті. Өңдеу өнеркәсібінің құрылымындағы жеңіл өнеркәсіптің үлесі – 0,8%. Айта кетсек, жеңіл өнеркәсіп құрылымында 60%-дан астам тоқыма өндірісі, 32% – киім өндірісі және 6,5% аяқ киім мен былғарыдан жасалған бұйым өндіріледі. Кәсіпорындардың 97%-дан астамы шағын бизнес субъектілері. Жеңіл өнеркәсіпті дамыту мақта мен тері өңдеуді тереңдету, синтетикалық талшық өндірісін кеңейту және қосылған құны жоғары өнім шығаруды ұлғайту арқылы жоспарлануда. 2025 жылы елімізде мақтаның рекордтық көлемі, 466 мың тонна жиналды. 116,1 мың тонна мақта талшығы, 500 тонна иірілген жіп, 5,2 млн шаршы метр мата және 28,6 млн бірлік дайын тоқыма бұйымы өндірілді. Мысал ретінде, өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков бір тонна мақта талшығын қайта өңдеу 1 650 бірлікке дейін дайын тоқыма өнімір шығаруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Шикізатты толық қайта өңдеуді қамтамасыз ете отырып, ықтимал қосылған құн $1,67 млрд-қа жетіп, сондай-ақ 5 мыңға дейін жұмыс орнын құруға ықпал етуі мүмкін.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar-audan/press/news/details/1175831?lang=kk

Жауап қалдыру