
Бүгін «Қазселденқорғау» мекемесінің Қапал бөлімшесінің мамандары төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында профилактикалық іс-шаралар өткізді.
Соңғы күндері ауа райының күрт өзгеруі, атап айтқанда қардың жаууы мен күннің күрт жылынуына байланысты мамандар Қапал ауылдық округі тұрғындарының қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлуде. Осындай табиғи өзгерістер кезінде алдын алу шараларын уақытылы жүргізу – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды бөлігі.
Профилактикалық жұмыстар аясында «Қазселденқорғау» мамандары Қапал ауылдық округі әкімінің аппаратымен бірлесіп, ауыл картасын зерделеп, осал және ерекше назар аударуды қажет ететін учаскелерді анықтады. Сонымен қатар Қапал электр желілері бөлімшесінің басшысы картада электр беру желілерінің өтетін аймақтарын атап өтті.
Іс-шара барысында Қапал орман шаруашылығының басшысы мен мамандарымен кездесу өткізіліп, табиғи қауіптердің алдын алу және өзара іс-қимылды күшейту мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ профилактикалық жұмыстар барысында ауыл тұрғындарына қауіпсіздік ережелері жазылған ақпараттық жадынамалар дайындалып, таратылды.
Тұрғындардың қауіпсіздігі – бәрімізге ортақ жауапкершілік. Бірлескен жұмыс, өзара түсіністік пен алдын алу шаралары арқылы біз туған ауылымыздың бүгінгі тыныштығын сақтап, ертеңгі күнге сеніммен қарай аламыз.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-aksu-qapal/press/news/details/1175399?lang=kk

Жауап қалдыру