
Астана, 2026 жылғы 4 наурыз – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі атынан Қазақстанда аккредиттелген дипломатиялық миссиялар мен халықаралық ұйымдар өкілдіктерінің басшылары үшін ауызашар ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев қасиетті Рамазан айының барлық мұсылмандар үшін ерекше рухани маңызға ие екенін атап өтіп, оның бірлікке, бейбітшілікке және өзара құрметке үндейтінін айтты.
Ә.Бақаев Қазақстанның Таяу Шығыстағы қазіргі жағдайға байланысты халықаралық қоғамдастықтың алаңдаушылығын бөлісетінін мәлімдеді.
Министрдің орынбасары халықаралық құқық нормаларына сәйкес халықаралық даулар мен қақтығыстарды тек саяси-дипломатиялық жолмен реттеу қажеттігі жөніндегі еліміздің мызғымас ұстанымын растады.
Бұға қоса, ол Қазақстан азаматтарын қауіп аймақтарынан эвакуациялауға жәрдем көрсеткен достас мемлекеттерге алғыс білдіріп, мұны исламдық ынтымақтастық пен өзара сенімнің көрінісі ретінде бағалады.
Шетелдік дипломаттар іс-шараны ұйымдастырғаны үшін ризашылықтарын білдірді және Қазақстанмен жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделілік танытты.
Дипломатиялық корпусқа арналған ауызашар сенім, өзара түсіністік пен халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететін маңызды дәстүрге айналды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1175148?lang=kk

Жауап қалдыру