
Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Мемлекет басшысының атынан әлеуметтік-еңбек саласында қызмет етіп жүрген әйелдер қауымына мемлекеттік марапаттар табыс етті.
Салтанатты іс-шарада Асқарбек Ертаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан табысталып жатқан марапаттар – әйелдердің қоғамдағы барлық уақыттағы ерекше жасампаз рөлін, сондай-ақ олардың зор еңбегін, кәсіби жауапкершілігі мен өз ісіне деген адалдығын, оның ішінде еліміздің әлеуметтік-еңбек саласын дамытудағы үлесін мойындау екенін атап өтті.
«Мемлекет әйелдердің отбасылық құндылықтарды нығайтуға да, қоғамның түрлі салаларын дамытуға да қосқан үлесін әрдайым жоғары бағалайды. Сіздердің күнделікті еңбектеріңіздің, жауапкершіліктеріңіздің, өз істеріңізге деген ұқыптылықтарыңыз бен шынайы жанашырлықтарыңыздың арқасында халықты әлеуметтік қорғау жүйесі тиімді жұмыс істеуде, ал мыңдаған азамат мемлекет тарапынан қажетті көмек пен қолдау алуда», – деді Асқарбек Ертаев.
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен көпжылдық адал еңбегі үшін ведомствоның бірқатар қызметкерлері жоғары мемлекеттік марапаттарға ие болды:
«Құрмет» орденімен Әлеуметтік көмек департаменті басқармасының басшысы Әсия Құрманқұлова және Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің бас сарапшысы Гүлмира Сүлейменова марапатталды.
«Ерен еңбегі үшін» медаліне Арнаулы әлеуметтік қызметтер департаментінің директоры Ғазиза Иманғали, Министрліктің шаруашылық бөлімінің меңгерушісі Гүлзәуре Ерғалиева және Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің бөлім басшысы Саягүл Еркебекова ие болды.
Кәсібилігі мен ісіне деген жауапкершілігі үшін бірқатар қызметкерлерге «Еңбек ардагері», «Әлеуметтік-еңбек саласының үздігі» ведомстволық марапаттары, сондай-ақ Министрдің атынан Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табыс етілді.
Кездесу соңында Асқарбек Ертаев әріптестеріне мықты денсаулық, отбасыларына амандық және ел игілігі жолындағы одан әрі жұмыстарына табыс тіледі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek/press/news/details/1176871?lang=kk

Жауап қалдыру