
Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында бірқатар абзал аналардың үйлеріне барып, аудан халқының атынан мерекемен құттықтады.
Алдымен 99 жастағы еңбек ардагері, Абай ауылының тұрғыны Рахима Галимованың шаңырағына арнайы барды. Қазыналы қартты құттықтап, ыстық лебізін білдірген аудан басшысы мерекелік сый-сияпат табыстады. Қуанышқа бөленген Рахима әжей аналық алғысын айтып, ақ батасын берді.
Мұнан соң, аудан әкімі аудан орталығының тұрғыны Әтіргүл Төлемісованы құттықтап, үйіне барды. Жәнібек Есенұлы ақ жаулықты анаға ізгі тілегін арнап, мерекелік сыйлығын тарту етті. Шаңырағына арнайы келіп, мерекемен құттықтауы мерейін өсірген Әтіргүл ана, өз кезегінде аудан басшысына алғысын білдіріп, ел үшін атқарып жатқан қызметтеріне сәттілік тіледі.
Бұдан кейін аудан әкімі Ұшқын ауылдық округіндегі 100 жастағы ең қарт ана Айша Құрбанованың отбасында болды. Екі ғасырдың куәсі болған, зұлмат жылдары аянбай тер төккен Айша әже шаңырағына арнайы құттықтай келген аудан әкіміне ризашылығын білдірді.
Аудан әкімі Жәнібек Есенұлы ақ жаулықты аналардың ел дамуындағы елеулі еңбектерін атап өтіп, батыр аналардың қандай құрметке болсын лайық екендігін, оларды қадірлеу – бүгінгі ұрпақтың мерейлі міндеті екенін баса айтты. Қария аналар аудан әкімінің құттықтауын қабыл алып, ризашылықтарын білдіріп, ақ баталарын берді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-keles/press/news/details/1176849?lang=kk

Жауап қалдыру