ҚАЛА БАСШЫСЫ ҒАСЫР ЖАСАҒАН АНАЛАРДЫ МЕРЕКЕМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында Түркістан қаласында ғасыр жасаған ардақты аналарға ерекше құрмет көрсетілді.
Түркістан қаласы әкімінің аппарат басшысы Қуаныш Әлібеков пен қала әкімінің орынбасары Аманжол Бақытжанұлы жүзге жуық ғұмыр кешкен ақ жаулықты аналардың шаңырағына арнайы барып, мерекемен құттықтады.
Кездесу барысында олар Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының арнайы құттықтауын жеткізіп, елге еңбегі сіңген, саналы ұрпақ тәрбиелеп, өнегелі өмір жолымен көпке үлгі болған аналарға ізгі тілектерін білдірді.
Солардың бірі – Берсінбекова Несіпкүл апа. Ұлы Отан соғысы жылдарында тыл еңбеккері болған ардақты ана небәрі 13 жасынан бастап совхозда сауыншы болып еңбек етіп, ел дамуына өз үлесін қосқан. Ұзақ жылдық адал еңбегі үшін «Еңбек ардагері» атанған.
Өмір жолында саналы ұрпақ тәрбиелеп, өнегелі отбасының ұйытқысы болған Несіпкүл апа бүгінде үлкен әулеттің ақылшысына айналған. 3 ұл, 7 қыз тәрбиелеп өсірген ардақты ана бүгінде 47 немере, 96 шөбере және 5 шөпшек сүйіп отырған бақытты әже.
Мерекелік кездесулер барысында ғасыр жасаған аналарға сый-сияпат табысталып, жылы лебіздер мен ақ тілектер айтылды. Ғасыр жасаған ардақты аналардың ақ батасы мен өнегелі өмір жолы – кейінгі ұрпақ үшін үлкен тағылым.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kalasy/press/news/details/1177089?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді