
3 наурыз күні түнгі сағат 2:45 шамасында қала аумағында қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында патрульдік полиция қызметкерлері қызметте жүрген болатын. Түнгі уақытта жол қозғалысын бақылау барысында олардың назарына күдік тудырған ВАЗ 21150 маркалы автокөлік ілігеді. Аталған көлік құралын 19 жастағы жас жүргізуші басқарған.
Қызметтік міндеттерін атқару барысында патрульдік полиция қызметкерлері аталған көлік құралын тексеру мақсатында тоқтату жөнінде заңды талап қояды. Алайда жүргізуші полиция қызметкерлерінің белгісіне дер кезінде бағынбай, көлік құралын тоқтатпай, қозғалысын жалғастыра берген. Бұл әрекет жол қозғалысы қауіпсіздігіне қауіп төндіріп қана қоймай, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің заңды талабын орындамау ретінде бағаланады.
Кейінірек жүргізуші тоқтатылып, онымен профилактикалық және түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Әңгімелесу барысында полиция қызметкерлері жүргізушіден алкогольдік ішімдіктің өткір иісі сезілетінін байқаған. Осыған байланысты жүргізуші белгіленген тәртіпке сәйкес медициналық куәландырудан өту үшін арнайы медициналық мекемеге жеткізілді.
Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, жүргізушінің алкогольдік ішімдік ішкені анықталып, оның жеңіл дәрежедегі масаң күйде болғаны тіркелді. Бұл жағдай жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу болып табылады және жолдағы басқа қатысушылардың өмірі мен денсаулығына елеулі қауіп төндіруі мүмкін.
Аталған дерек бойынша тиісті шаралар қабылданып, заң талаптарына сәйкес процессуалдық шешім қабылдау үшін құзырлы органдардың қарауына жолданды. Сонымен қатар жүргізушіге жол қозғалысы ережелерін сақтау, көлік құралын мас күйінде басқарудың салдары және оның қоғам үшін қауіптілігі туралы кең көлемде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Абай облысының Полиция депараменті азаматтарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, көлік құралын басқару кезінде жауапкершілік танытуға және мас күйінде көлік жүргізбеуге шақырады. Себебі мұндай құқық бұзушылықтар тек заң алдында жауапкершілікке әкеліп қана қоймай, адам өміріне орны толмас қауіп төндіруі мүмкін.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-abay/press/news/details/1178998?lang=kk

Жауап қалдыру