Әйелмен әлем әдемі

Жарияланды:

Автор:

категорияда

«8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні» мерекесіне орай аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысуымен салтанатты мерекелік іс-шара өтті. Мерекелік іс-шараға аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев қатысып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан ақ жаулықты аналарды және қазіргі таңда түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген қыз-келіншектерді мерекемен құттықтады.
Салтанатты жиында аудан әкімі әйел-аналардың қоғамдағы ерекше рөліне тоқталып, олардың отбасы мен ел бірлігін нығайтудағы маңызын атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әйелдер қауымының отбасындағы, қоғам өміріндегі және мемлекетті жан-жақты дамыту ісіндегі рөлі орасан зор. Қыз-келіншектер өндірісте, шығармашылық жолында, саясат, бизнес және басқа да көптеген салада биік белестерді бағындырып келеді» деген болатын. Тәуелсіз Қазақстанның толағай табыстары мен Сыр өңірінің, оның ішінде Сырдария ауданының бүгінгі жетістіктерінің барлығында әйелдер қауымының өз қолтаңбалары бар. Аяулы аруларымыз бүгін де экономикамыздың барлық саласында табысты еңбек етіп келеді. Аудан бойынша 40 мыңға жуық халықтың
51 пайызын әйел-аналар мен қыз-келіншектер құрайды. Ауданымызда 1633 көпбалалы отбасы бар. Олардың ішінде мыңға жуығы «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері. Алтын құрсақты аналарымыз демографиялық ахуалды жақсартуға да үлкен үлес қосуда, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Аудан басшысы алдағы маңызды саяси науқан – Референдумға үлкен жауапкершілікпен қатысуға шақырды.
– Президентіміздің Жарлығымен жаңа Конституцияға арналған Республикалық Референдумды 2026 жылғы 15 наурызда өткізу туралы шешім қабылданды. Бұл – еліміздің кемел келешегі үшін өз таңдауымызды жасап, қастерлі Отанымыздың берік негізін қалауға берілген тарихи мүмкіндік. Жаңа Ата Заңда Әділеттілік, Заң мен Тәртіп, табиғатқа ұқыпты қарау сияқты қағидаттар алғаш рет Конституция деңгейінде бекітілген. Жаңа Ата заңның жобасында неке ер адам мен әйел адамның ерікті және тең құқықты одағы екендігі туралы ереже енгізілген. Бұл шешім дәстүрлі құндылықтарды ең жоғары құқықтық деңгейде қорғауға, әйелдердің құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған. Саяси маңызды кезеңде барша аудан жұртшылығы Жаңа Конституцияның жобасын қолдайды деп сенемін. Баршаңызды осы іске жоғары жауапкершілікпен белсенді атсалысуға шақырамын! – деді аудан әкімі.
Мерекелік іс-шарада аудан дамуына қызмет кетіп жүрген түрлі саладағы әйел-аналар мен қыз-келіншектер облыс және аудан әкімінің “Алғыс хатымен” марапатталды.
Аудан өнерпаздары мерекелік концерттік бағдарлама ұсынып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-syrdarya/press/news/details/1178316?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді