
Маңғыстау облысында көктемнің жаршысы саналатын Амал мерекесі кең көлемде тойлануда. Дәстүрлі мерекелік шара өңірдің ең биік нүктесі саналатын қасиетті орындардың бірі – «Адай ата – Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінде ұйымдастырылды.
Мерекелік шараға Қазақстанның әр өңірінен келген тұрғындармен қатар шетелдік қонақтар да қатысуда. Атап айтқанда, Польша, Түркия және Өзбекстан елдерінен келген туристер қазақтың салт-дәстүрімен танысып, ұлттық мәдениеттің көрінісіне куә болды. Сондай-ақ Қырғызстан, Түркия, Әзірбайжан және Өзбекстаннан келген өнерпаздар сахна төрінде өнер көрсетіп, көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай өңір тұрғындарын мерекемен құттықтап, Амалдың халық бірлігін нығайтатын ерекше дәстүр екенін атап өтті.
«Атынан, салтынан жаңылмаған дана бабаларымыз Наурызды ертеден жылдың басы деп айқындап кеткен. Бүгінде тәуелсіз, шекарасы бекіген Қазақстан деген ел бар екенін, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы бекіткен 10 күндік Наурызнама аясында жаңа жыл Амал мерекесімен, яғни 14 наурыздан басталатынын әлем білсе игі. Қазір цифрлық заман, жасанды интеллект дәуірі деп айтып жүрміз. Алайда кез келген дереккөзге қарасаңыз, Наурыз 21-22 наурызда басталып, оны түркітілдес мемлекеттер тойлайды деген мәліметтер жиі кездеседі. Сондықтан Наурыз мерекесі Қазақстанда, оның ішінде Маңғыстау өңірінде 14 наурыздағы Амал мерекесінен басталады. Алыстан ат терлетіп келген ағайынға «қош келдіңіздер» дейміз. Осы игі істің басы-қасында жүрген ағайынға, әріптестерге, ұжымға алғысымыз шексіз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Амалдан амалға аман жетейік!» – деді өңір басшысы.
Отпан таудың басына 32 киіз үй тігіліп, мерекелік шараға 5 мыңға жуық адам жиналды. Мерекеде «Ана жүрегі – мейірім мекені» атты аналар фестивалі ұйымдастырылып, театрландырылған көріністер қойылды. Сонымен қатар ұлттық өнерді насихаттауға бағытталған қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі өтті.
Амал мерекесі аясында «Цифрлық киіз үй» (Digital Nauryz) жобасы да ұйымдастырылды. Мемлекет басшысының жарлығымен 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жариялануына орай жүзеге асқан бұл бастаманың мақсаты – цифрлық технологияларды насихаттап, жастардың IT саласына қызығушылығын арттыру. Цифрлық киіз үйде 3D-принтинг арқылы дайындалған өнімдер таныстырылып, VR-аймақта мектеп оқушылары әзірлеген Қазақ хандығы дәуірін қамтитын интерактивті ойын ұсынылды.
Дәстүрге сай Отпан таудың биігінде «Бірлік оты» жағылып, биылғы аманат Тәзіке ата ұрпақтарынан Құнанорыс ұрпақтарына табысталды.
Бұл күні еліміздің әр өңірінен және көрші мемлекеттерден келген ағайын бір-бірімен қауышып, ақ тілектерін арнады. Ақсақалдар Амал мерекесінің ата-бабамыздан жеткен тағылымды дәстүр екенін атап өтіп, оның ел бірлігін нығайтып, татулықты арттыратын ерекше күн екенін жеткізді.
Айта кетейік, 14 наурыз күні мерекелік шаралар жалғасады. Бағдарлама аясында аламан бәйге, топ бәйге, құнан жарыс, қазақ күресі, гір тасын көтеру және қол күресі секілді ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, сондай-ақ түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылмақ.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/1181017?lang=kk

Жауап қалдыру