Маңғыстау облысы әкімінің Амал мерекесіне арналған құттықтауы

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Құрметті маңғыстаулықтар, ардақты ағайын!

Түп-тамыры тереңге тартқан халқымыздың көне дәстүрінен бастау алатын, бауырмалдық пен бірліктің символына айналған қасиетті Амал мерекесі құтты болсын!

Бұл – қыстан аман шығып, көктемге жеткенімізге шүкір айтып, бір-бірімізбен көрісіп, ақжарма тілектер білдіретін, кешірім мен мейірімге толы ерекше күн. Амал – халқымыздың ынтымағы мен татулығын нығайтатын, рухани құндылықтарды дәріптейтін тағылымды мереке. Әсіресе, киелі Маңғыстау жерінде бұл мейрамның орны айрықша.

Тегінде, Амал – елдік, халықтық мереке. Себебі бұл күні бірлік күшейіп, береке молаяды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, ұлттық дәстүрлерімізді жаңғырту – ел бірлігін нығайтып, ұрпақтар сабақтастығын жалғастырудың маңызды кепілі. Осы орайда, Наурызнама онкүндігі аясында 14 наурыз – Көрісу күні мен Амал мерекесінің кеңінен аталып өтуі халқымыздың рухани жаңғыруына серпін беріп отыр.

Биыл бұл мереке еліміз үшін маңызды тарихи кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр. 15 наурызда республикалық референдум өтіп, әрқайсымыз жаңа конституциялық жоба бойынша өз таңдауымызды жасап, мемлекетіміздің болашағына қатысты маңызды шешім қабылдауға қатысамыз.

Қадірлі жерлестер!

Жаңа жылдың бастауы саналатын Амал мерекесі әр шаңыраққа қуаныш пен береке, молшылық пен ырыс әкелсін. Еліміз тыныш, жұртымыз аман, бірлігіміз бекем болсын!

Амалдан амалға аман-есен жетейік!
Жылымыз құтты, несібеміз мол болғай!

Құрметпен,
Маңғыстау облысының әкімі
Нұрдәулет Қилыбай

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/1181015?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді