
Итальяндық «MAIRE Tecnimont» инженерлік-технологиялық компаниясы болашақ инженерлер мен техникалық мамандарды даярлауға бағытталған «Jaryq Academy» атты білім беру бастамасын іске қосты. Жобаның академиялық серіктесі Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде бағдарламаға қатысушылардың алғашқы легін оқыту басталды.
Жоғары оқу орнының баспасөз қызметі хабарлағандай, биыл жобаға 60-тан астам үміткер қызығушылық танытты. Конкурстық іріктеуден кейін бағдарламаға 20 студент қабылданды. Шілде айына дейін олар Атырау облысының жетекші өнеркәсіптік кәсіпорындарында оқу сабақтарын тәжірибемен ұштастыратын болады. Атап айтқанда, қатысушылар «Silleno» полиэтилен өндіру зауытына және «KMG PetroChem» газ бөлу кешеніне барып, өндірістік процестермен таныса алады.
Бағдарлама инженерлік пәндер бойынша білімді тереңдетуді ғана емес, сонымен қатар басқару дағдыларын дамытуды да қарастырады. Студенттер стратегиялық ойлау негіздерін үйреніп, халықаралық компаниялардың жұмыс қағидаларымен танысады және тиімді шешімдер қабылдауды үйренеді. Қатысушылар үшін дәрістер мен практикалық сабақтарды «MAIRE» және «Tecnimont Kazakhstan» мамандары өткізеді.
Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің ректоры Гүлзада Шакуликова студенттердің халықаралық білім беру жобаларына қатысуы елдің мұнай-газ химиясы саласын дамыту үшін жаңа перспективалар ашатынын атап өтті.
«Мұндай бастамалар біздің студенттерге инжиниринг саласындағы озық әлемдік тәжірибені қабылдауға мүмкіндік береді. Бұл отандық өнеркәсіпті жаңғыртуға және Қазақстанның технологиялық тәуелсіздігін нығайтуға ықпал етеді», – деді ол.
Дереккөз: Atpress.kz
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-roma/press/news/details/1181003?lang=kk

Жауап қалдыру