
Шығыс Қазақстан облысында University Medical Center мамандары туа біткен жүрек ақауына арналған «Пациент мектебі» жобасы аясында балаларға кеңес беріп, тексеру жүргізді.
Туа біткен жүрек ақауы – балалар арасында жиі кездесетін патологиялардың бірі. Қазақстанда әр 1000 жаңа туған нәрестенің шамамен 8–9-ында осы диагноз анықталады, жыл сайын шамамен 3–4 мың бала осындай ақаумен дүниеге келеді.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте UMC Жүрек орталығы балалар кардиологиясы бөлімінің меңгерушісі, балалар кардиологы Альмира Байғалқанова айтты.
Мамандардың сөзінше, ерте диагностика ерекше маңызды. Эхокардиография жүректің құрылымын, қақпақшалардың жұмысын және қан айналымының ерекшеліктерін бағалауға мүмкіндік береді. Орталық деректеріне сәйкес жүрек ақауларының 77%-ы жүктілік кезінде анықталса, 23%-ы бала туғаннан кейін белгілі болады.
ШҚО-ға жасалған іссапар барысында шамамен 20 бала тексерілді: барлығына эхокардиография жүргізіліп, әрі қарай бақылау немесе ем алу бойынша ұсынымдар берілді. Кейбір жағдайларда қосымша тексеру немесе мамандандырылған медициналық орталықтарға жолдау қажет. Жалпы өңірде осындай диагнозбен тіркелген 630 бала бар.
«Пациент мектебі» жобасы Heart Center Foundation мен UMC Жүрек орталығының бірлесуімен жүзеге асырылып келеді. Жоба отбасыларға қолдау көрсетуге, ерте диагностиканың маңызы туралы ақпараттандыруды арттыруға және пациенттік білім беруді дамытуға бағытталған.
Айта кету керек, UMC Жүрек орталығында жыл сайын шамамен 500 операция жасалады, олардың шамамен 90%-ы сәтті аяқталады.
Дереккөз: ШҚО ӨКҚ
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1180987?lang=kk

Жауап қалдыру