
Шығыс Қазақстан облысында туристік және рекреациялық аймақтарда орналасқан елді мекендердің бас жоспарларын жаңарту бойынша ауқымды жұмыс жалғасуда.
Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының мәліметінше, инвестициялық жобаларды іске асыру және туристік инфрақұрылымды, соның ішінде кірме жолдар мен қосымша нысандарды дамыту үшін өзекті бас жоспарлардың болуы аса маңызды.
Облыс аумағында барлығы 257 елді мекен бар – алты қала және 251 ауылдық елді мекен. Олардың 186-сы үшін бас жоспарлар әзірленген, алайда өзекті әрі бекітілген құжаттармен қамтылу деңгейі 52 пайызды ғана құрайды. Сонымен қатар, 104 бас жоспардың қолдану мерзімі аяқталуына байланысты түзету қажет.
Туристік әлеуеті жоғары аумақтарға ерекше көңіл бөлінуде. Риддер қаласында бас жоспар туризмді дамыту және инвесторларды тарту мүмкіндіктерін ескере отырып түзетілуде. Сондай-ақ Үлбі кенті мен Поперечное ауылы үшін бас жоспарлар әзірлеу жоспарланған.
Глубокое ауданында жоспарлау жұмыстары Зимовьё және Горная Ульбинка ауылдарын қамтиды. Соңғысы «Алтайские Альпы» тау шаңғысы кешені мен «Forest Hills» жобасын дамыту мүмкіндіктерін ескере отырып қарастырылуда.
Алтай ауданында Жаңа Бұқтырма, Октябрьский және Голубой Залив кенттері үшін жаңа бас жоспарлар қажет. Бұл аумақтарда Мохнатка тауының маңында туристік базалар мен инфрақұрылым белсенді дамып келеді. Жаңа Бұқтырманың бас жоспары әзірленіп, қазір мемлекеттік сараптамадан өтуде.
Кешенді жұмыстар Бұқтырма су қоймасының қарама-қарсы жағалауында да жүргізілуде. Самар ауданында 2025 жылы Новостройка, Сарыбель ауылдары мен аудан орталығының бас жоспарлары дайындалды. 2026 жылы бұл құжаттар мемлекеттік сараптамадан өтеді. Сонымен қатар Миролюбовка және Песчанка ауылдары үшін бас жоспарлар әзірлеу жоспарланып отыр. Бұл жағалауды жүйелі түрде дамытуға, яғни қонақ үйлер мен демалыс базаларын ретсіз емес, жоспарлы түрде салуға мүмкіндік береді.
Ұлан ауданында бас жоспарларды түзету Айыр көлі (Монастырское), Дубыгалин көлі (Окуньки), Шыбындыкөл және Сібе көлдері маңындағы туристік аймақтарды қамтиды.
Жеке бағыт ретінде Зайсан көлі мен Марқакөл маңындағы аумақтарды дамыту қарастырылған. Зайсан ауданында әуежай құрылысына байланысты Зайсан қаласының бас жоспарын түзету басталды. Сонымен қатар Зайсан мен Марқакөл аудандарында болашақ ойын-сауық аймақтарының бас жоспарларын әзірлеу басым міндет ретінде белгіленген. Марқакөл бағыты бойынша Урунхайка, Матабай, Бугымуйыз, Тоскаин, Шанагатты ауылдары, сондай-ақ Карагайлыбулак және Верхняя Еловка кенттері қарастырылып отыр.
Бұл жұмыстарды жалғастыру үшін 2025 жылы 40 миллион теңге бөлінді, ал 2026 жылға 109,5 миллион теңге қажет.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1181070?lang=kk

Жауап қалдыру