
14 наурызда Қазақстан Республикасы Орталық референдум комиссиясында бірқатар шет мемлекеттердің орталық сайлау органдары мен халықаралық ұйымдардың атынан аккредиттелген халықаралық байқаушылармен кездесу өтті. Сондай-ақ іс-шаралар аясында шетелдік сайлау әкімшілігі басшыларымен екіжақты кездесулер өтті.
Қазақстандағы республикалық референдум халықаралық қауымдастық тарапынан бұрын-соңды болмаған қызығушылық туғызуда. Референдумға дайындық пен өткізу барысын жақын және алыс шетелдердің өкілдері жіті байқауда.
Осы күні Орталық референдум комиссиясында шет мемлекеттердің орталық сайлау органдары басшыларына арналған дәстүрлі брифинг өтті.
Халықаралық қатысушылармен өзара іс-қимыл референдум кезеңіне аккредиттелген шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған брифингпен жалғасты. Оны Орталық референдум комиссиясы төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман мен комиссия мүшесі Ләззат Сүйіндік өткізді. Брифингке халықаралық сарапшылар да қатысты.
Бұл күні Орталық референдум комиссиясының басшылығының шетелдік серіктестермен бірқатар екіжақты кездесулері өткізілді.
Күннің бірінші жартысында Орталық референдум комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров Өзбекстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Зайниддин Низамходжаев және Тәжікстан Республикасы Сайлау және референдум жөніндегі комиссиясының Төрағасы Бахтиёр Худоерзодамен кездесті.
ТМД ПАА Кеңесінің Бас хатшысы-Хатшылық басшысы Дмитрий Кобицкиймен және ТМД ПАА Байқаушылар миссиясының үйлестірушісі Зияфет Аскеровпен жекелеген кездесулер өтті.
Күннің екінші жартысында ОРК Төрағасы Әзербайжан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Панахов Мазаир Магоммед оглымен, Армения Республикасының Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Ваагн Овакимянмен кездесулер өткізді.
Сонымен қатар Ресей мен Белорусь Одақтық мемлекетінің өкілдерімен кездесу өтті.
Аталған іс-шаралар барысында Орталық референдум комиссиясының Төрағасы ағымдағы науқанның барысы мен негізгі ерекшеліктері туралы ақпарат берді. Референдумға дайындық, электоралдық инфрақұрылым мен учаскелердің дайындығы, сондай-ақ дауыс берудің мерзімі, тәртібі мен қорытындысы және дауыс берудің басқа да аспектілері туралы егжей-тегжейлі ақпараттар ұсынылды.
«Біз халықаралық ұйымдардың миссиялары мен халықаралық байқауды жүзеге асыратын орталық сайлау органдарының делегацияларының қатысуына үлкен мән береміз. Бұл шетелдік серіктестердің алдағы референдумға деген жоғары қызығушылығын көрсетеді. Халықаралық байқаушыларға референдумды дайындау мен өткізу барысын толыққанды байқауы үшін қажетті барлық жағдайлар жасалған. Орталық референдум комиссиясы дауыс беру рәсімдерінің ашықтығын, айқындылығын және заңдылығын барынша қамтамасыз етеді», – деп атап өтті Нұрлан Әбдіров.
Кездесулер мен брифингтерде ОРК Төрағасы қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.
Өз кезегінде шетелдік байқаушылар тиімді халықаралық байқауды қамтамасыз ету үшін жасалған жағдайға алғыстарын білдіріп, республикалық референдумды өткізу бойынша ұйымдастырушылық дайындықты жоғары бағалады.
Ақпарат үшін:
Референдумды байқау үшін 38 мемлекет пен 11 халықаралық ұйымнан барлығы 359 байқаушы аккредиттеуден өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/election/press/news/details/1181220?lang=kk

Жауап қалдыру