
Риддер қаласында қысқы спорт түрлері мен туризмді дамыту аясында екі маңызды жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.
Бірінші жоба – К-20 трамплинін салу. Қазіргі уақытта бұл нысанға арналған жер телімінің нақты аумағы анықталған. Ол қаланың саябақ аймағында орналасқан. Жер учаскесіне 05-083-011-753 кадастрлық нөмірі берілген, жалпы аумағы – 2,0544 гектар. Қазір жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу үшін қажетті құжаттарды дайындау жұмыстары жүргізілуде.
Екінші жоба – ұзындығы 5 шақырым болатын заманауи шаңғыроллер трассасын салу. Жоспар бойынша нысан жасанды қар жасау жүйесімен, жарықтандырумен, видеотөрешілік жүйесімен және 30 қондырғыға арналған биатлондық ату алаңымен жабдықталады. Бұл жоба бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, қазіргі уақытта мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр.
Айта кету керек, спорттық инфрақұрылымды дамыту Риддер үшін аса өзекті. Бұл қала қысқы спорттағы жарқын жетістіктерімен танымал.
Жуырда ғана риддерлік Сергей Ткаченко трамплиннен шаңғымен секіруден Қазақстан чемпионы атанып, жергілікті спортшылардың жоғары дайындық деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді. Жаңа спорт нысандары болашақта бұдан да көп чемпиондарды тәрбиелеуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Самар ауданына қарасты Құлынжон ауылында заманауи талаптарға сай жабдықталған спорт нысаны іске қосылды. Аталған нысан жеке кәсіпкердің бастамасымен салынған және қажетті заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған.
Оған ересектер де, балалар да бара алады. Екіқабатты спорт залында түрлі спорт түрлерімен шұғылдануға болады. Мұнда түрлі спорттық шаралар мен жарыстар ұйымдастырылмақ.
Сонымен қатар мұнда ерлер мен әйелдер арнайы белгіленген күндерде келіп тегін жаттыға алады. Жаттығудан шыққаннан кейін киім ауыстыратын және жуынатын бөлмелері де бар. Жаңа спорт нысаны ауылдағы спорттық инфрақұрылымды дамытудағы кезекті қадам болып отыр.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1181233?lang=kk

Жауап қалдыру