
Бүгін Жамбыл ауданының Шиен ауылында екі маңызды әлеуметтік нысан – жаңа дәрігерлік амбулатория мен көпфункционалды мәдениет үйінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Іс-шара «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынған дәрігерлік амбулаторияның ашылуынан басталды. Медициналық нысан тәулігіне 25 пациентке дейін қабылдауға арналған.
Бұған дейін ауыл тұрғындары медициналық көмекті 1976 жылы салынған ғимаратта алып келген. Жаңа амбулатория заманауи медициналық кабинеттермен және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бұл тұрғындарға сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ елді мекенде 150 орындық жаңа мәдениет үйінің ғимараты пайдалануға берілді. Нысан көпфункционалды кешен ретінде салынған. Ғимаратта мәдениет үйі, ауыл әкімдігі, спорт залы орналасқан, сондай-ақ түрлі қоғамдық және мәдени іс-шараларды өткізуге арналған арнайы бөлмелер қарастырылған. Ғимараттың жалпы ауданы 1774,94 шаршы метрді құрайды.
Салтанатты шараға Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас қатысып, ауыл тұрғындарын маңызды оқиғамен құттықтап, жаңа нысандардың елді мекеннің одан әрі дамуы үшін маңыздылығын атап өтті.
Іс-шара соңында жаңа мәдениет үйінде жергілікті шығармашылық ұжымдардың қатысуымен мерекелік концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.
Жаңа нысандардың пайдалануға берілуі ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға және ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып табылады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1181234?lang=kk

Жауап қалдыру