ҚАЗАҚСТАНДЫҚ 35 СТУДЕНТ ҚЫТАЙДЫҢ ЖЕТЕКШІ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ОҚЫП ЖАТЫР

Жарияланды:

Автор:

категорияда

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ 35 СТУДЕНТ ҚЫТАЙДЫҢ ЖЕТЕКШІ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ОҚЫП ЖАТЫР

Қозыбаев университеті Қытайдың Солтүстік-батыс ауыл және орман шаруашылығы университетімен 10 жылдан бері табысты ынтымақтастық орнатып келеді. Осы уақыт ішінде академиялық алмасу бағдарламасы аясында Қытайдан 90 студент Қозыбаев университетінде білім алса, университеттің 30 студенті Солтүстік-батыс ауыл және орман шаруашылығы университетінде оқыды.

Биыл Қозыбаев университетінің 35 студенті Қытай Халық Республикасына академиялық сапармен барды. Бұл – Қытайға ұйымдастырылған ең ірі академиялық алмасулардың бірі. Болашақ агрономдар мен мал шаруашылығы саласының мамандары Қытайдың жетекші аграрлық жоғары оқу орындарының бірінде білім алып, заманауи зертханаларда жұмыс істеуге және далалық зерттеулерге қатысуға мүмкіндік алды.

Қазіргі уақытта 33 бакалавр агрономия, мал шаруашылығы өндірісінің технологиясы, өсімдіктер туралы ғылым және технология бағыттары бойынша білім алады. Сонымен қатар осы оқу жылынан бастап екі магистрант Солтүстік-батыс ауыл және орман шаруашылығы университетінде «Агрономия» және «Мал шаруашылығы өндірісінің технологиясы» білім беру бағдарламалары бойынша қос дипломды магистратурада оқуды бастады. Олар алты ай Петропавл қаласында білім алып, қалған 1,5 жылын Қытайда жалғастырып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Нәтижесінде түлектер қазақстандық және қытайлық екі дипломға ие болады.

Солтүстік-батыс ауыл және орман шаруашылығы университеті – Қытайдағы жетекші жоғары оқу орындарының бірі. Университет генетика және дақыл селекциясы, өсімдіктерді қорғау, ауыл шаруашылығы биотехнологиясы, су ресурстарын басқару және мал шаруашылығы бағыттарындағы ірі ғылыми-зерттеу мектептерімен танымал. Бүгінде бұл оқу орны Қытайдағы ауыл шаруашылығы ғылымы саласындағы ең ірі ғылыми-білім беру орталықтарының бірі болып саналады.

Екі университет арасындағы ынтымақтастық ұзақ мерзімді әрі жан-жақты сипатқа ие. Қазіргі уақытта аталған университетте Қозыбаев университетінің Агротехнологиялық факультетінің үш жас оқытушысы докторантурада (1-2 курс) білім алып жатыр. Сонымен қатар агрономия және орман шаруашылығы кафедрасының екі оқытушысы ғылыми тағылымдамадан өтеді.

Ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі – мамандарды тәжірибеге бағдарлау. Жыл сайын серіктестік аясында Солтүстік-батыс ауыл және орман шаруашылығы университетінде мал шаруашылығының заманауи технологиялары бойынша тренингтер өткізіледі. Бұл оқыту сессияларына университет оқытушыларымен қатар Солтүстік Қазақстан облысы Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мамандары да қатысады.

Сәуір айының соңында Қозыбаев университетіне Қытай университетінің жеті студенті, ал күзгі семестрде тағы шамамен 30 студенттің академиялық алмасу бағдарламасы аясында келуі жоспарланып отыр.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/1182189?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді