Инвестициялық серпін: Жамбыл облысы болашақ экономикасын қалай қалыптастырып жатыр

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Соңғы жылдары Жамбыл облысы әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын үдетіп, Қазақстанның серпінді өңірлерінің біріне айналып келеді. Бұл өсімнің негізгі қозғаушы күші – өнеркәсіп, агроөнеркәсіп кешені, инфрақұрылым және кәсіпкерлік салаларына бағытталған инвестициялар, деп хабарлайды baq-orda.kz.

2025 жылдың қорытындысы бойынша өңір экономикасына шамамен 600 миллиард теңге инвестиция тартылды. Бұл көрсеткіштің өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай артуы инвесторлардың өңірге деген сенімінің күшейгенін және жүргізіліп отырған экономикалық саясаттың тиімділігін айғақтайды. Инвестициялық ахуалды жақсарту, бизнесті қолдау және индустриялық инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстар жаңа жобаларды іске асыруға қолайлы жағдай қалыптастыруда.

Жамбыл облысының басты артықшылықтарының бірі – оның тиімді географиялық орналасуы. Өңір халықаралық көлік дәліздерінің бойында орналасып, Қазақстанды көршілес елдермен байланыстырады. Сонымен қатар табиғи ресурстар қорының молдығы да инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға кең мүмкіндік береді.

Өнеркәсіп саласын дамыту – инвестициялық саясаттың басым бағыттарының бірі. Қазіргі таңда химия өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру және шикізатты өңдеу салаларында бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылуда. Әсіресе фосфорит қорына негізделген химиялық кластерді дамытуға ерекше мән берілуде. Бұл бағытта минералды тыңайтқыштар мен химиялық өнімдер шығаратын жаңа кәсіпорындар ашылып, өндіріс көлемін ұлғайтуға және экспорт әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

Инвестиция тартуда индустриялық аймақтар мен арнайы экономикалық алаңдардың рөлі зор. Бұл алаңдар қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етіліп, инвесторларға қолайлы жағдай ұсынады. Бүгінде мұнда түрлі бағыттағы өнім шығаратын ондаған кәсіпорын жұмыс істейді. Алдағы жылдары жаңа өндірістер іске қосылып, экономикалық өсімге қосымша серпін бермек.

Агроөнеркәсіп кешені де назардан тыс қалмай отыр. Бұл салаға бағытталған инвестициялар өндірісті жаңғыртуға, заманауи технологияларды енгізуге және қайта өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған. Өңірде жылыжай кешендері, көкөніс сақтау қоймалары, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу кәсіпорындары салынуда. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығының тиімділігін арттырып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.

Биыл инвестициялық белсенділік одан әрі арта түспек. Атап айтқанда, аграрлық салада жалпы құны 35 миллиард теңгеден асатын 18 жобаны іске асыру жоспарланған. Бұл жобалар мал шаруашылығын дамытуға, жаңа сақтау орындарын салуға, қайта өңдеу өндірістерін іске қосуға және озық агротехнологияларды енгізуге бағытталған.

Өнеркәсіп саласында да жаңа кәсіпорындар ашу көзделуде. Олар ішкі нарықпен қатар экспортқа бағытталады. Жалпы алғанда, Жамбыл облысының алдағы жылдарға арналған инвестициялық қоржынында құны 3,6 триллион теңгені құрайтын 80-нен астам жоба бар. Оларды кезең-кезеңімен іске асыру нәтижесінде 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.

Инфрақұрылымды дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Өңірде жолдар салынып, коммуналдық нысандар мен энергетикалық жүйелер жаңғыртылуда. Бұл шаралар бизнесті дамытуға қолайлы орта қалыптастырып, инвестиция тартуға оң әсерін тигізеді.

Сонымен қатар жеке инвестициялар, оның ішінде шетелдік компаниялардың қатысуымен жүзеге асырылатын жобалар да артып келеді. Халықаралық ынтымақтастық заманауи технологияларды енгізуге және өңірде өндірілетін өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Қорыта айтқанда, Жамбыл облысында жүргізіліп жатқан инвестициялық саясат экономиканы кешенді дамытуға бағытталған. Жаңа жобаларды іске асыру өнеркәсіптің өсуіне, ауыл шаруашылығының дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және халықтың әл-ауқатының артуына негіз болуда. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып, өңірдің экономикалық әлеуеті одан әрі нығая түспек.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-bayzak-sarykemer/press/news/details/1182811?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді