
Оралдағы Достық үйінде «Наурызнама» онкүндігі аясында Шаңырақ күніне орай «Отбасы – тәрбиенің алтын бесігі» атты үлгілі отбасылармен кездесу өтті.
Облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің атынан үлгілі отбасыларға Шаңырақ күніне сыйлықтар табысталды. Шаңырақ күні махаббат, құрмет, сенім, өзара көмек, мейірімділік, қайырымдылық, анаға құрмет және балаларға деген сүйіспеншілік сияқты отбасылық құндылықтарды насихаттауға арналған.
Іс-шараға жас және көп балалы отбасылар қатысты. Жарты ғасырдан астам уақыт бойы тату-тәтті ғұмыр кешіп келе жатқан ерлі -зайыптылар да болды. Ондай отбасылар жауапкершіліктің, адалдықтың, өзара сенім мен құрметтің, отбасылық құндылықтарды сақтаудың нақты үлгісі.
Облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлжанар Шөкееваның айтуынша, Наурыз мерекесі қарсаңында еліміздің түрлі аймақтарында Наурызнама онкүндігі атап өтіледі, ал 17 наурыз – отбасылық бақыт пен ұрпақтар сабақтастығының символы – Шаңырақ күні. Бұл күнгі ұйымдастырылатын іс-шаралар жастар арасында ұлттық дәстүрлер мен құндылықтарды насихаттауға бағытталған. Батыс Қазақстан облысы Халық Ассамблеясы Аналар кеңесінің төрайымы, «Ел анасы» құрметті атағының иегері, педагогика ғылымдарының докторы Шалқыма Құрманалина іс-шаралардың жастар арасында «Қара шаңырақ», «Ата мен ене», «Бала мен келін» және «Күйеу бала мен қыз» сияқты ұлттық дәстүрлер мен құндылықтарды насихаттауға бағытталғанын атап өтті. Жақында отбасын құрғандарға ұзақ және бақытты жылдарды сүйіспеншілік пен адалдықта бірге өткізген жандардан ақыл-кеңес пен өнегелі әңгіме естігеннің ғибраты мол. Өйткені отбасы дегеніміз ең алдымен жауапкершілік жүктейді.
Іс-шарада Батыс Қазақстан облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қайреден Жақсығұлов пен ардагер педагог Қанат Оразғалиев жас отбасыларға бата берді. Қанат Оразғалиевтің айтуынша, оның шаңырақ көтергеніне жарты ғасырдан астам уақыт болған. Ол өмірлік серігімен Оралда танысқан, ал асыл жары – Ресейден. Тілдік кедергілер мен ойлау қабілетінің айырмашылығы олардың бірге болуына бөгет болмады. Өйткені отбасындағы ең маңызды нәрсе – өзара құрмет, сыйластық. Қарт ата-анасы ауырған кезде де, әйелі күн-түн демей оларға қамқорлық жасады. Ол әрқашан қасында болды, қиындықты да, қуанышты да бірге көрді. Биыл ақсақал 80 жасқа толады. Қанат Исламғалиұлы жасына қарамастан өзін тың сезінеді, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып келеді.
Іс-шараға Байғалиевтер отбасы қатысты. Ақ жаулықты ана Жаңылсын Байғалиева 1946 жылы Қаратөбе ауданының Егіндікөл аулында дүниеге келді. Ол марқұм күйеуі Дүйсекешпен бірге он бала сүйген. Оның айтуынша, көп балалы отбасылар тірліктегі тұрмыстық қиындықтардан қорықпауы керек. Көп еңбек етіп, ұл-қызының санасына еңбекке деген сүйіспеншілікті сіңіріп, балаларды ата-ана өнегесімен өсірген дұрыс. Сондай-ақбалаларым көп деп мемлекеттен үнемі көмек сұрауға арқа сүйемеу қажеттігін айтты.
Бақытты отбасының балапандары қанаттанған, бұл күндері олар түрлі салада қызмет етеді. Олар: мұғалім, медицина және ауыл шаруашылығы қазметкері, мемлекеттік қызметкер және журналист. Бір ұядан ұшқан бауырлар тату, бір-біріне көмектеседі. Ж. Байғалиеваның 28 немересі және 17 шөбересі бар. Отбасылық дәстүр бойынша баршасы спортпен айналысады, домбыра тартады. Бұл іс-шарада Шапағат Әнуарқызы «Адай» күйін бебеулетті, ал Марат Байғалиев «Шашбаулым» әнін домбырамен орындады.
Әдемі мен Әсет Оразғалиевтердің айтуынша, олар мұндай іс-шараларға қатысу арқылы көп нәрсені ойға түйеді және мұндай шаралардың тәрбиелік мән-маңызы зор. Гүлжанар Болатқызы өнегелі отбасылларға облыс әкімі атынан символикалық сыйлықтар табыс етті.
Гүлбаршын Әжігереева “Орал өңірі”

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/digital-nauryz/press/news/details/1183263?lang=kk

Жауап қалдыру