
Наурызнама онкүндігі аясында 17 наурызда Шаңырақ күні атап өтіледі. Бұл күн отбасы құндылықтарын дәріптеуге, ұрпақ сабақтастығын нығайтуға және қоғамдағы бірлік пен татулықты арттыруға бағытталған.
Шаңырақ – қазақ халқы үшін қасиетті ұғым. Ол тек баспана емес, отбасының бірлігі мен берекесінің, ұрпақ жалғастығының символы. Шаңырақ – жылулық пен сыйластықтың, өмірдің берік тірегінің көрінісі.
Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінде қызмет ететін үлгілі отбасылардың бірі Дамир Оспанов пен Мөлдір Қуандықова. Азаматтық қорғау аға сержанты Дамир Сабырханұлы Оспанов №7 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіру автокөлігінің жүргізушісі. Ал оның жары азаматтық қорғау аға сержанты Мөлдір Асқарқызы Қуандықова Жоспарлау және жедел басқару орталығының Өрт байланысының орталық пунктінің диспетчері.
Ерлі-зайыптылардың кәсіби қызметі өзара тығыз байланысты: бірі бағыт береді, екіншісі сол бағытқа бірінші жетеді. Олар қауіпті жағдайларда азаматтардың өмірін қорғап, әр сәтте бір-біріне тірек бола біледі.
Қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, олар өз шаңырағының жылуын да сақтап келеді. Қызмет пен отбасылық өмірді қатар алып жүру үлкен жауапкершілік. Соған қарамастан, бұл жанұя екі ұл мен бір қыз тәрбиелеп, көпке үлгі болып отыр.
Қызметте батыл мамандар, үйде қамқор жар мен ата-ана. Осындай отбасылар қоғамдағы тұрақтылық пен берекенің негізі болып саналады.
Шаңырақ күні отбасының маңызын айшықтайтын, бірлік пен өзара қолдауды дәріптейтін ерекше күн.
Шаңырақ күні аясында өткізілетін іс-шаралар еліміздің барлық өңірлерінде ұйымдастырылады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer/press/news/details/1183403?lang=kk

Жауап қалдыру