
Балқашта алғаш рет Мәдениет және ұлттық дәстүрлер күніне орай «Жыр дүлділі» атты облыстық мектеп оқушыларының айтысы өтті. Шығармашылық сайысқа Балқаш қаласынан, Саяқ кентінен және Бұқар жырау ауданынан 6–11 сыныптың 15 оқушысы қатысты.

Айтыс белгілі қазақ ақыны Шашубай Қошқарбаевтың мұрасына арналды. Қатысушылардың өнерін Қазақстан Журналистер одағының өкілдері, ақындар мен білім саласының мамандарынан құралған қазылар алқасы бағалады. Олардың пікірінше, оқушылар жоғары деңгейдегі дайындықтарын көрсетті.

Айтыс қорытындысы бойынша бас жүлдені Балқаш қаласындағы №2 мектеп-лицейінің оқушысы Айдын Жарылқасын иеленді. Бірінші орынды Бұқар жырау ауданындағы «Руханият» қосымша білім беру орталығының тәрбиеленушісі Қуаныш Төлеуқазы мен Балқаш қаласындағы №2 мектеп-интернатының оқушысы Кәусар Әзіл өзара бөлісті. Жеңімпаздарға домбыра табысталып, барлық қатысушыларға сертификаттар берілді.

Бас жүлде иегерінің жетекшісі Салтанат Имұхаметова Айдын Жарылқасынның жетістігі жүйелі әрі тыңғылықты дайындықтың нәтижесі екенін атап өтті. Оның айтуынша, оқушы бұған дейін де осындай байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болған.
— Айтыс жоғары деңгейде өтті. Біз тыңғылықты дайындалып, мәтіндермен жұмыс істедік, Шашубайдың өмірі мен шығармашылығы туралы материалдарды зерттедік. Бұл сайыста Айдын екі рет өнер көрсетті, өйткені соңғы қатысушыға қарсылас табылмады. Шәкіртім нағыз суырыпсалма ақын екенін дәлелдеді, — деді Салтанат Имұхаметова.

Сонымен қатар педагог мектеп оқушылары арасында айтысты одан әрі дамыту қажеттігін атап өтті. Атап айтқанда, қатысушыларды жеребе арқылы жұптастыруды, домбырамен орындауды міндетті талап ретінде енгізуді және дарынды балаларды жүйелі дайындау үшін арнайы ақындар мектебін құруды ұсынды.
Балқаш қалалық балалар өнер мектебі директорының орынбасары Жансая Әбдуалиева бұл шараны қала үшін маңызды оқиға деп бағалады. Ол алдағы уақытта жас дарындардың дамуына және ұлттық дәстүрлердің сақталуына ықпал ететін арнайы сыныптар ашылады деген үміт білдірді.
— Бұл Балқашта өткен алғашқы облыстық деңгейдегі айтыс. Барлық қатысушылар жақсы дайындалған, әсіресе бас жүлде иегері ерекше әсер қалдырды, — деді Жансая Әбдуалиева.

Айтысты Қарағанды облысы білім басқармасының «Сарыарқа дарыны» өңірлік орталығының қолдауымен Балқаш қалалық балалар өнер мектебі ұйымдастырды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1183644?lang=kk

Жауап қалдыру