
Бүгін Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне орай мәдениет үйінде «Наурызнама – дәстүр дәріптелген күн!» атты мерекелік театрландырылған іс-шара өтті.
Мерекелік бағдарлама аясында мәдениет үйінің кіреберісі ұлттық нақышта безендіріліп, келген қонақтарды өнерпаздар «Ауылдың алты ауызы», «Жарапазан» халық әндерімен қарсы алды. Сондай-ақ «Угайым-ай» әжелер хоры өнер көрсетіп, келушілерге ұлттық тағамдардан құралған «Наурыз дәмдері» ұсынылды.
Сахнада «Яссы» халықтық фольклорлық ансамблі «Әр ұлт әуендері» композициясын орындап, Қ.Аманбаев «Домбыра» әнін шырқады. Театрландырылған көріністе «Күн мен Түн» бейнелері арқылы табиғаттың жаңаруын бейнелейтін сахналық қойылым ұсынылды. Сонымен қатар Наурыз аруы, Ұмай ана, Қыдыр ата бейнелері қатысқан «Тазару рәсімі» көрермен назарына ұсынылды.
Іс-шараны Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Бақтыбайұлы ашып, облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Ізтілеуов Есенәлімұрат пен қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Рысбеков Қыдырәлі Оспанұлы мерекелік құттықтауларын жеткізді. Сондай-ақ облыстық мәслихат депутаты, айтыскер ақын Бекарыс Шойбеков жиналған қауымды Наурыз мейрамымен құттықтап, ақжарма тілегін білдірді.
Бағдарламаның ерекше бөліктерінің бірі – қазақтың көне салт-дәстүрі «Тұсау кесу» рәсімі болды. Бұл рәсімді қаланың құрметті азаматы, алтын құрсақты ана Сырлыкүл Саттарханова орындады.
Мерекелік кеш барысында «Қара жорға», «Әз Наурыз», «Балауса», «Ақ тілек» әндері орындалып, «Этностайл», «Семсер» топтары мен өнерпаздар халық әндерінен попурри ұсынды. Шара барлық қатысушылардың бірлесіп орындаған «Наурыз думан» әнімен қорытындыланды.
Аталған мерекелік іс-шара ұлттық мәдениет пен дәстүрді ұлықтап, Наурыз мейрамының береке мен бірліктің, жаңару мен ізгіліктің символы екенін тағы бір мәрте айқындады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kalasy/press/news/details/1182597?lang=kk

Жауап қалдыру