
Шымкент қаласындағы Сайрам көшесінің ішкі бөлігінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі басталды. Қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасау мақсатында ұйымдастырылған шара аясында аталған аумаққа төрт шатыр орнатылып, сауда орындары реттеліп орналастырылды.
Жәрмеңкеге Шымкент қаласының жергілікті тауар өндірушілері мен сатушылары қатысты. Жалпы алғанда мұнда 20–25 сауда орны жұмыс істеп, тұрғындарға әртүрлі азық-түлік өнімдерін ұсынды.
Сауда сөрелеріне жеміс-жидектер мен көкөністер, сүт және ет өнімдері, кептірілген жемістер, балық өнімдері, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары шығарылған. Аталған жәрмеңкелер қала тұрғындарының сапалы әрі қолжетімді бағамен азық-түлік сатып алуына мүмкіндік беруде.
Сонымен қатар сатылымға ұсынылған өнімдердің қауіпсіздігі мен сапасына ерекше көңіл бөлініп, барлық тауарлардың санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестігі арнайы мамандардың бақылауында болды.
Айта кету керек, осындай жәрмеңкелер қаланың басқа да бірқатар аумақтарында ұйымдастырылған. Атап айтқанда, №359, №134, №267, №353, №354, №25, №156–160, №232, №361 және №155 референдум учаскелерінің маңында да сауда алаңдары ашылып, тұрғындарға ауыл шаруашылығы өнімдері ұсынылды.
Бұл шаралар қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасап қана қоймай, жергілікті өндірушілердің өнімдерін кеңінен таныстыруға және шағын кәсіпкерліктің дамуына да оң ықпал етуде.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent-ishki-sayasat/press/news/details/1181692?lang=kk

Жауап қалдыру