БӘЙТЕРЕК АУДАНЫНДА БАУЫРЖАН ХАЛИОЛЛАНЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ КЕШІ ӨТТІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

 
Бүгін Бәйтерек ауданының «Шың» драма театрында Қазақстан Жазушылар одағының, Қазақстан Журналистер одағының, Қазақстан және халықаралық ақын-жыршылар одағының мүшесі, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Бауыржан Халиолланың «Ағымнан ақтарылсам…» атты шығармашылық кеші өтті.
Рухани кештің шымылдығы ақынның өмір жолы мен шығармашылығын таныстыратын бейнебаянмен ашылды. Одан кейін сахна төріне көтерілген ақын көрермендермен жүздесіп, өз жүрегінен туған жырларын оқып, шығармашылық әлемі жайында әсерлі ойларымен бөлісті. Кеш барысында көрермендер тарапынан қойылған сауалдарға жауап беріп, бірқатар өлеңдерінің туу тарихына тоқталды.
Шығармашылық кеште ақынның бірқатар жырлары сахнада көркем түрде оқылып, көрерменге ұсынылды. Атап айтқанда, «Жымпиты жыры», «Нұрсәулем» өлеңдерін «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегерлері Дастан Есентеміров пен Ернар Өмірәлі орындаса, «Досыма», «Түнгі элегия» жырларын Әділ Ахметов нақышына келтіре оқыды. Сонымен қатар «Жүрек сөзі», «Шерлі шағала», «Тұсау кесер», «Қособа» сынды туындылары да көрермен назарына ұсынылды.
Кеш соңында Бәйтерек ауданының әкімі М. Тоқжанов ақынға аудан жұртшылығы атынан алғыс білдіріп, шығармашылық табыс тілеп, ықылас гүлін табыстады.
Тағылымды әдеби кеш көрермендерге рухани әсер сыйлап, поэзияны сүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-baiterek/press/news/details/1181636?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді