
16 наурыз – Қайырымдылық күніне орай Павлодар ауданының Шақат жалпы орта білім беру мектебінде «Ұлттық мұра – ұрпаққа аманат» атты фестиваль өтті. Наурызнама декадасы аясында ұйымдастырылған бұл шараның басты мақсаты – ұлттық дәстүрлерді дәріптеу және жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарды насихаттау.
Фестивальге 20-дан астам мектептің ұжымы мен оқушылары қатысып, көрермендерге бай рухани мұрамыздың бір бөлшегі саналатын «Жарапазан айту» дәстүрін таныстырды. Бұл ұлттық рәсім жақсылық тілеу, татулық пен бірлікті насихаттау үшін жасалады.
Шара барысында қатысушылар ұлттық киімдер киіп, дәстүрлі әндер мен өлеңдер орындап, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Жарапазан айтушылар ауыл тұрғындары мен қонақтарға ізгі тілектер айтып, игі дәстүрді жалғастырды. Сонымен қатар, қонақтар ұлттық өнер мен дәстүрді дәріптеген оқушыларға сый-сияпат тарту етті.
Осындай іс-шаралар жастардың ұлттық дәстүрлерге деген құрметін арттырып, мәдени мұраны сақтауға және оны келешек ұрпаққа жеткізуге үлес қосады. Шақат жалпы орта білім беру мектебінде өткен бұл фестиваль – ұлттық дәстүрлерді дәріптеудің айқын үлгісі болып, алдағы уақытта да жалғасын табатын шара екені анық.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar-edu/press/news/details/1183912?lang=kk

Жауап қалдыру