
Нұра ауданында қысқы кезеңде елді мекендер ішіндегі қарды тазалау және шығару жұмыстары жүйелі әрі қарқынды түрде жүргізілуде. Аудан аумағында көшелерді, аулаларды және әлеуметтік нысандардың маңын қардан тазарту мақсатында арнайы техника мен жұмыс күші жұмылдырылған. Қыс мезгілінің басынан бері бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты бақылауда болып, бүгінгі күнге дейін шамамен 11 680 м3 қар арнайы белгіленген орындарға шығарылды.
Қазіргі таңда да тазалық жұмыстары жалғасып, коммуналдық қызметтер кезекшілік ұйымдастырып, ауа райының қолайсыздығына қарамастан өз міндеттерін атқаруда. Әсіресе, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тұрғындардың еркін жүріп-тұруына жағдай жасау және көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында қарды уақытылы шығару жұмыстарына ерекше көңіл бөлінуде.
Сонымен қатар, 17 наурыз күні ауданның барлық елді мекендерінде кең ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Аталған шара барысында тұрғындар өз үйлерінің іргелес аумақтарын, кәсіпкерлік нысандар мен мемлекеттік мекемелердің айналасын қардан және тұрмыстық қалдықтардан тазартты. Сенбілікке аудан тұрғындары, жастар, еріктілер мен түрлі мекеме қызметкерлері белсенді қатысып, ортақ іске өз үлестерін қосты.
Бұл игі бастама аудан халқының туған жерге деген жанашырлығын, тазалық мәдениетіне деген жауапкершілігін және жоғары азаматтық белсенділігін айқын көрсетті. Осындай бірлескен еңбектің нәтижесінде елді мекендердің келбеті жақсарып, тұрғындарға қолайлы орта қалыптасуда.
Алдағы уақытта да Нұра ауданында қар тазалау, абаттандыру және санитарлық тазалықты сақтау бағытындағы жұмыстар өз жалғасын табатын болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda-nurinsk/press/news/details/1183942?lang=kk

Жауап қалдыру