
18 наурыз күні Шымкент қаласындағы Концерттік-көрме орталығында Наурызнама онкүндігі аясында Ұлттық киім күніне арналған ауқымды сәндік дефиле мен көрме ұйымдастырылды. Іс-шара ұлттық мәдениетті жаңғыртуға бағытталған мазмұнды бағдарламасымен ерекшеленді.
Сән көрсетіліміне өңірде ұлттық киім брендтерін дамытып жүрген ірі кәсіпкерлер мен отандық дизайнерлер қатысып, өздерінің тың туындыларын көпшілік назарына ұсынды. Көрермендер дәстүрлі нақыш пен заманауи үрдістер үйлесім тапқан жаңа топтамаларды тамашалап, ұлттық киім өнерінің бүгінгі тыныс-тіршілігіне куә болды. Әрбір үлгіде қазақы болмыстың бояуы сақталып, қазіргі сән индустриясының талаптарына сай жаңаша сипат берілгені байқалды.
Бағдарлама аясында балаларға арналған арнайы көрсетілімнің ұйымдастырылуы – іс-шараның тағылымдық мәнін арттыра түсті. Жас буынның сән өнеріне қызығушылығын оятып, шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталған бұл бастама болашақ дизайнерлерге жол ашатын маңызды қадам ретінде бағаланды.
Сонымен қатар, көрме-жәрмеңке барысында елімізге танымал дизайнерлердің бірегей жұмыстары ұсынылып, келушілер ұлттық киім мәдениеті мен оның терең тамырлы дәстүрлерімен жақын танысу мүмкіндігіне ие болды. Қолөнер мен заманауи дизайн үндескен туындылар ұлттық мұраның өміршеңдігін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Аталған іс-шараның басты мақсаты – Наурыз мейрамы рухын дәріптеу, ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттау және отандық жеңіл өнеркәсіп пен ұлттық киім индустриясының дамуына серпін беру.
Шымкент төрінде өткен бұл сән мерекесі – дәстүр мен жаңашылдықтың үйлесімді үндестігін айшықтаған тағылымды әрі мазмұнды мәдени оқиға ретінде көпшіліктің жадында қалары сөзсіз.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent-ishki-sayasat/press/news/details/1183948?lang=kk

Жауап қалдыру