Астанада дипломатиялық корпус өкілдеріне арналған дәстүрлі «Наурыз балы» өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Елорданың театрында Қазақстанда аккредиттелген шетелдік дипломатиялық миссиялар мен халықаралық ұйымдар басшыларының қатысуымен жыл сайынғы «Наурыз балы» өтті.

«Наурызнама» онкүндігі аясында ұйымдастырылған бұл іс-шара бірлік пен жаңаруды айшықтайтын мәдени дипломатияның маңызды платформасына айналды.

Салтанатты кештің ашылуында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Наурыз мейрамының биылғы ерекше маңызына тоқталды. Ол мерекенің жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі республикалық референдуммен тұспа-тұс келуінің символдық мәні бар екенін атап өтті. Министр халықтың реформаларды қолдауы Қазақстанның әділдік пен инклюзивті қоғам құру принциптеріне адалдығын дәлелдейтінін жеткізді.

ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев өз сөзінде Наурыздың халықтар арасындағы өзара түсіністік пен сенімді нығайтудағы мәдени дипломатияның негізгі элементі ретіндегі рөлін баса айтты. Дипломаттың айтуынша, мерекенің басты құндылықтары – ынтымақ пен жаңару халықаралық ынтымақтастықтың іргетасы.

Сонымен қатар іс-шара бағдарламасы шетелдік қонақтарды қазақтың мәдени кодымен таныстыруға бағытталды. Қонақтар киіз үй құру үдерісін тамашалап, ұлттық билер бойынша шеберлік сағаттарына қатысты. Сондай-ақ, дипломаттар дәстүрлі сайыстарға қатысып, қазақ дастарқанының ерекшеліктерімен танысты, бұл оларға халқымыздың қонақжайлылық атмосферасын сезінуге мүмкіндік берді. Музыкалық бөлімде әлемдік классика мен қазақ фольклорының синтезі ұсынылып, танымал туындылар ұлттық аспаптарда орындалды.

Мерекелік кешке дипломатиялық корпус пен халықаралық ұйымдардың (БҰҰ, ЮНИСЕФ, ДДСҰ, ХКҰ, ЕҚЫҰ және Дүниежүзілік банк) 70-тен астам басшылары мен өкілдері қатысты.

Салтанатты шара соңында дипломатиялық миссия басшылары мұндай мәдени бастамалар халықаралық қоғамдастықты жұмылдыруда және ортақ құндылықтарды ілгерілетуде зор маңызға ие екенін атап өтті.

 

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1183995?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді