
Салық бақылауы – Қазақстан Республикасының салық заңнамасы және нормаларының орындалуын органдар жүзеге асыратын мемлекеттік бақылау.
Салықтық бақылау тек салық органдарымен салықтық тексеру жүргізу арқылы жүзеге асырылады.
Салықтық тексеру кешенді, тақырыптық, қарсы салықтық тексеру, хронометраждық зерттеп-қарау нысанында жүзеге асырылады.
Салықтық тексеру келесі жағдайларда тағайындалады:
1) салық төлеушінің (салық агентінің) осы Салық кодексінде көзделген өтінішті, талаптарды беруі;
2) Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде көзделген негіздердің болуы;
3) салық органы салықтық тексеруді жүргізу туралы шешім қабылдаған жағдайларда.
Салықтық тексеру нұсқама негізінде жүргізіледі.
2025 жылы Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Аудит басқармасы 181 салықтық тексеру жүргізді, оның ішінде 56 кешенді, 49 тақырыптық, 76 қарсы тексеру және 42 салықтық тексеру актісі.
Тексеру нәтижелері бойынша бюджетке қосымша 1,8 млрд. теңге салықтар мен өсімпұлдар есептелді. Әкімшілік жауапкершілікке 75 субъект тартылды, айыппұл сомасы 190 млн теңгені құрады.
2026 жылдан бастап тексерулер бойынша негізгі өзгерістер
Жаңа Салық кодексіне сәйкес келесі жаңалықтар енгізілді:
– тексерулерді жоспарлы және жоспардан тыс деп бөлу жойылады;
– талап қою мерзімі салықтық тексеру аяқталғанға дейін ұзартылады;
– нұсқамаға шағымдану кезеңінде тексеруді тоқтата тұруға жол берілмейді;
– нұсқама салық төлеушіге үш жұмыс күні ішінде тапсырылуы тиіс;
– ШОБ субъектілері үшін құжаттарды ұсыну туралы талаптардың саны шектеледі – екі реттен аспайды, ал орындау мерзімі 30-дан 10 жұмыс күніне дейін қысқарады;
– салық төлеушілермен өзара іс-қимыл негізінен онлайн-форматта жүргізілетін болады.
Жоғары салық жүктемесі кезінде тексеруден босату
Егер салық төлеушінің салық жүктемесінің коэффициенті тиісті қызмет түрі мен аймақ бойынша жоғарғы шектен кемінде 90%-құраса, салықтық тексерулер тағайындалмайды.
Қабылданған өзгерістер әкімшілік жүктемені азайтуға, ашықтықты арттыруға және бизнес пен мемлекет арасындағы әріптестік қатынастарды қалыптастыруға бағытталған.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-mangistau/press/news/details/1184061?lang=kk

Жауап қалдыру