
Аймақтың инновацияларды дамыту, жаңа технологияларды өнеркәсіпке енгізу, ғылым мен бизнестің өзара әрекеті, мемлекеттік қолдау арқылы ғылыми жобаларды жүзеге асыру мәселелері облыс әкімі Асхат Шахаров төрағалық еткен жиында қаралды.
Облыстың кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Досжан Әлібеков Ғылым кеңесінің қызметі туралы қысқаша баяндады. Кеңес құрамына ғалымдар, жеті кәсіпорынның өкілі және профильдік мемлекеттік органдар кірген. Олар өнеркәсіп, экология, ауыл шаруашылығы және медицина салаларын дамыту мәселелерін қарастырды, сондай-ақ осы салаларды дамытуға бағытталған бастамалар мен жобаларды ұсынды. Жиынның алдағы отырысында өңірде жасанды интеллект технологияларын дамытуға басымдық беріледі.
Ғылыми зерттеулерді қолдау аясында өңірдің жоғары оқу орындары салалық министрліктермен бірлесе отырып, 3,5 млрд теңге көлемінде гранттық қаржыландыру алды. Бұл қаржыға Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде металлургия, материалтану, экология және молекулярлы-клеткалық биотехнология бағыттары бойынша төрт лаборатория ашылды. Университеттің Инновациялық технологиялар паркінде 37 жоба қолға алынды. Негізгі жобалардың бірі – үш жылға арналған жалпы гранттық қаржыландыру көлемі 3 млрд теңгені құрайтын Академиялық және зерттеу орталығы, оның ішінде 2 млрд теңге игерілді.
Сонымен қатар, университет базасында Heriot-Watt University кампусы ашылып, ғылыми жұмысқа 15 шетелдік ғалым тартылды.
Медициналық ғылым саласында да ауқымды жұмыстар жүргізілуде. М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетінде 10 ғылыми жоба жүзеге асырылды. Зерттеу нәтижесінде ауыр ауруларды емдеуге арналған дәрі-дәрмектер әзірленді. Зерттеулер буын патологияларын, онкологиялық ауруларды емдеуге және еңбекке жарамды халық арасында мүгедектікке жол бермеуге бағытталған. Жапондық IVF Medical Corporation компаниясы ғылыми жобалардың нәтижелеріне қызығушылық танытып отыр.
Есептік жылы орталық мемлекеттік органдарға 57 ғылыми жобаны іске асыруға 2,8 млрд теңге көлемінде гранттық қаржыландыру алу үшін өтінімдер жолданды. Қазіргі уақытта олардың шешімдері қаралуда.
Досжан Әлібеков сонымен қатар өңірдің ірі өнеркәсіптік кәсіпорындары да инновациялық шешімдерді белсенді енгізіп жатқанын мәлімдеді. «Қазхром» ТҰК» АҚ құрамындағы ERG Research & Development ғылыми-зерттеу орталығы жұмыс істейді. Былтыр кәсіпорын ERG Green жобасы аясында өндіріс қалдықтарынан хромды шығару флотациялық технологиясын іске қосты. Жобаның жалпы құны – шамамен 20 млрд теңге.
Сонымен қатар, Ақтөбе хром қосылыстары зауыты өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу және темір құрамды шикізат алу технологияларын әзірлеумен айналысуда.
Өңірде басқа да инновациялық жобалар жүзеге асырылып жатыр: өндіріс қалдықтарынан ферроникель шығару (Packer KZ компаниясы), пластикалық қалдықтарды қайта өңдеу (Aktobe Plastic компаниясы, айына 40–50 тонна шикізат өңдеу мүмкіндігі), сондай-ақ қой жүнінен құрылыс жылу оқшаулағыш материалдарын өндіру (KazFelTec компаниясы).
Облыс әкімі Асхат Шахаров инновацияларды дамыту тұрақты экономикалық өсудің және өңірдің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі факторларының бірі екенін алға тартты. Ол ғылым мен бизнестің тығыз ынтымақтастығының маңыздылығын атап өтіп, университеттер, ғылыми орталықтар және өнеркәсіптік кәсіпорындар арасындағы бірлескен зерттеулерді дамыту жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
«Жасанды интеллект, цифрлық технологиялар, биотехнология және жасыл энергетика сияқты перспективалы бағыттар бойынша арнайы зерттеу бағдарламаларын іске асыру мүмкіндіктерін қарастыру қажет. Бұл бағдарламалар өнеркәсіптік кәсіпорындардың жұмыс тиімділігін арттыруға, өндіріс процесіне жаңа технологияларды енгізуге және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, олардың жүзеге асырылуы өңірдің ұлттық және халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін арттырады», – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ ол мемлекеттік қолдауды алған инновациялық жобалардың іске асырылуын бақылауды, олардың экономикалық нәтижелерін талдауды және бір ай ішінде тиісті есеп беруді ұйымдастыруды тапсырды.
Өңір кәсіпорындарында ғылыми негізделген инновацияларды енгізу жұмысы жалғасын табады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1184273?lang=kk

Жауап қалдыру