Көктемгі шақыру: Астанада және өңірлерде мерзімді әскери қызметке алынғандардың алғашқы лектері жіберілді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Республикалық маңызы бар қалалардың және елдің облыс орталықтарының жинау пункттерінен әскерге шақырылушылардың бірінші легі ҰҚК Шекара қызметінің бөлімшелеріне жөнелтілді.

Астана қаласының қорғаныс істері жөнініндегі департаментінде өткен салтанатты шығарып салу рәсіміне жергілікті әскери басқару органдарының өкілдері, Қарулы күштердің ардагерлері, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері, әскер қатарына алынғандардың туған-туыстары қатысты.

Елордалық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Руслан Балтеміров маусым айының соңына дейін елорда 1 400-ден астам астаналықты мерзімді әскери қызметке жіберуді жоспарлап отырғанын атап өтті.

Алматыда Шекара қызметі бөлімшелеріне 46 азаматты салтанатты түрде шығарып салды. Аталмыш рәсімге тоғыз баланың анасы, «Алтын алқа» иегері Айжан Шанашова қатысты.

– Әскерде ұлым шыңдалып, Отан алдындағы азаматтық борышын абыроймен орындап келеріне күмәнім жоқ. Ол саналы түрде және еш ойланбастан әскерге баратынын айтты, – деді көп балалы ана.

Шығыс Қазақстан облысында да әскерге шақыру науқаны қарқын алуда. Биыл өңір мерзімді әскери қызметке 650-ге жуық азаматты жібермек. Армияда олар әскери істің негіздерін үйреніп, әскери-есептік мамандық меңгереді. Тәртіп пен жауапкершілікке қалыптасады.

Маңғыстау облысында бірінші болып 22 әскерге шақырылушы әскерге аттанды. Алдымен олар Алматы облысындағы шекара қызметінің оқу-жаттығу орталығында алғашқы әскери дайындықтан өтеді. Көктемгі науқан аясында облыстан барлығы 800-ге жуық азаматты әскер сапына алу жоспарланып отыр.

– Әскердегі қызмет – мен үшін шымыр, тәртіпті болуға және Отанды қорғауға өз үлесімді қосуға берілген мүмкіндік. Бұл қызметті мақтанышпен әрі абыроймен атқаруға тырысамын, – деп атап өтті Маңғыстау облысынан әскерге шақырылушы Бекзат Әбілханұлы.

Ақтөбе облысында да Алматы облысына қарайтын Шекара қызметінің әскери бөлімшелеріне алғашқы 23 әскерге шақырылушыны жөнелту рәсімі өтті. Алдағы уақытта бұл өңір 1000-нан аса адамды әскерге шақырады.

Мерзімді әскери қызмет өткеру кезеңінде, сондай-ақ запасқа шығарылғаннан кейін екі ай ішінде әскери қызметшілер үшін кредиттік демалыс қолданылады. Бұдан өзге жауынгерлік даярлықтан үздік сарбаздар мемлекеттік грант бойынша ҰБТ тапсырусыз еліміздің жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігіне ие болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1185057?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді