Жаңа қаржылық сын-қатерлер: «Тұранда» қаржы технологиялары, банктер және алаяқтықтан қорғау мәселелері талқыланды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

 «Тұран» университетінің алаңында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ұйымдастырған «Қаржы технологиялары және алаяқтықтан қорғау: цифрлық дәуірдің жаңа сын-қатерлері» атты форум өтті. Форумға қаржы нарығының сарапшылары және салалық ұйымдардың өкілдері мен студенттер қатысты. Қатысушылар қаржы күн тәртібінің негізгі мәселелері — жеке қаржыны басқарудан бастап қаржы технологияларын дамытуға, қаржылық алаяқтыққа және дропперлікке қарсы күреске дейінгі тақырыптарды талқылады.

Іс-шара халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған Fingramota.kz жобасының аясында, сондай-ақ жастар арасында қаржыға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының халықаралық білім беру бастамасы — Global Money Week шеңберінде өтті.

Форумды ашқан «Тұран» университетінің ректоры Рахман Алшанов цифрлық экономиканың қарқынды дамуы жағдайында студенттердің қаржылық жоспарлау дағдыларын, қаржы мәселелерінде сыни ойлау қабілетін қалыптастырудың маңызы ерекше екенін атап өтті.

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының орынбасары Олжас Қизатов қаржылық сауаттылықтың қазіргі жастар үшін аса маңызды дағды екенін атап өтті. Оның сөзінше, қаржы өнімдерін сауатты пайдалану, ақпаратты талдай білу және алаяқтық схемаларды дер кезінде танып-білу азаматтардың қаржылық қауіпсіздігінің негізгі элементтеріне айналуда.

Форум екі тақырыптық бөлімнен тұрды. Бірінші бөлім жеке қаржы, қаржылық стратегия және заманауи қаржы технологиялары-шешімдері мәселелеріне арналды. Спикерлер студенттерге қаржылық еркіндік қағидаттары, ақшаны сауатты басқару және кірістерді сақтау мен көбейтудің заманауи құралдары туралы айтып берді. Қатысушылар қаржылық стратегияны құру туралы, оның ішінде кірістерді қалай дұрыс бөлу, қаржы жинақтау және инвестициялық шешімдер қабылдау туралы көбірек білді.

Форумның екінші бөлімі алаяқтық схемаларға, дропперлікке және дербес деректерді қорғауға арналды. Сарапшылар заманауи банктік технологияларға және оларды қаскүнемдердің қолдануына тоқталды. Форум барысында студенттер онлайн-кредиттеудің ерекшеліктері туралы, микрокредит рәсімдеу алдында қандай факторларды ескеру қажеттігі және артық борыш жүктемесінен қалай аулақ болу керектігі туралы білді.

Дербес деректерді қорғау және онлайн-сервистердің белсенді дамуы жағдайында цифрлық гигиена ережелерін сақтаудың маңыздылығы жеке тақырып болды. Кездесу барысында дропперлік тәуекелдер мен банктік деректерді үшінші тұлғаларға берудің салдары да белгіленді, сондай-ақ күдікті қаржы операцияларын анықтауға және жедел бұғаттауға бағытталған Ұлттық Банктің Антифрод-орталығының жұмысы ұсынылды.

Форум қаржы нарығының сарапшылары мен жастар арасындағы ашық диалог алаңына айналды. Қатысушылар алаяқтықтың нақты мысалдарын, заманауи қаржылық құралдарды және цифрлық дәуірде жеке қаржыны қорғауға көмектесетін практикалық дағдыларды талқылады. Қатысушылар үшін қаржылық квиз ұйымдастырылып, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталды.

Fingramota.kz қаржылық квизге арналған бейнероликтер байқауына қатысушыларды марапаттады. Қатысушылар 15 креативті әрі мазмұнды жұмыс дайындап, үздік роликтер арнайы жүлделермен марапатталды. Бұл роликтер алдағы уақытта ел бойынша көрсетілетін болады. Барлық бейнероликтерді жобаның Instagram парақшасынан көруге болады.

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

press@finreg.kz

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ardfm/press/news/details/1185247?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді