ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «БАЛУАН ТАС» ЭКСПЕДИЦИЯСЫ ӨТІП ЖАТЫР

Жарияланды:

Автор:

категорияда
 
Түркістан облысына тарихи-мәдени зерттеулер жүргізу мақсатында «Балуан тас» академиясының өкілдері арнайы келіп, өңірдегі маңызды нысандарды аралап жатыр. Сапар «ҚАЗАҚ КҮШІНІҢ КАРТАСЫ» мәдени-танымдық жобасы аясында Сайрам және Ордабасы аудандарында басталды. Экспедиция құрамында топ жетекшісі Абылайхан Қалназаров бастаған ғалымдар, спортшылар, журналистер мен блогерлер бар.
Зерттеу жұмыстары Ибрагим ата, Қарашаш ана, Бибіғияс ана кесенелеріне зиярат етуден басталып, Сайрам ауданында Нанжемес көтерген символдық Балуан тас зерделенді. Сондай-ақ экспедиция мүшелері «GenGroup Qazaqstan» ЖШС-ның банан плантациясында болып, өңірдегі өндіріс орындарымен танысты.
Ордабасы ауданында Қажымұқан Мұңайтпасұлы кесенесіне зиярат етіліп, оның ұрпақтары сақтаған жәдігерлер зерттелді. Атап айтқанда, балуанның арбасының бел темірі, ожауы, су құятын ыдысы, сырнайы мен шабаданы назарға алынды.
Экспедиция мүшелері Қажымұқан атындағы облыстық спорт музейінде болып, мұнда сақталған 8 балуан тастың тарихымен танысты. Сонымен қатар «Күш лекциясы» өткізіліп, Ұлы даланың күш мәдениеті мен батыр-балуандар дәстүрі кеңінен таныстырылды. Жиын барысында жазушылар Асан Тұрабаев пен Ілесхан Байжановқа «Балуан тас» төсбелгісі табысталып, «Рухани балуан» атағы берілді.
Жоба жетекшісі Абылайхан Қалназаров балуандықтың тек қара күш емес, рухани әрі философиялық мәні бар екенін атап өтті.
«Балуандық тек қана қара күшпен өлшенбейді. Оның рухани және қайраткерлік қабаттары бар. Балуан тас та тек қана физикалық түрде көтерілмейді. Ол да тұтас бір философия болғандықтан, басқа да салаларда символдық тұрғыда көтеріле береді. Екі ағамыздың атқарған ісі жүздеген адам жұмыс істейтін үлкен зерттеу институттарына бергісіз. «Ұлылардың бағасын халық бергенімен, сыйын жеке ерлер береді» деген бар. Біздікі соған ишара», – деді ол.
Сапар нәтижесінде «Қазақ күшінің картасына» 1 символдық және 8 заттық Балуан тас енгізіліп, олардың толық деректері базаға тіркелді.
Экспедиция 21 наурызға дейін жалғасып, Бәйдібек, Созақ, Отырар, Сауран аудандары мен Түркістан қаласын қамтиды. Іс-шараны Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен «Baluan tas» ұлттық спорт түрлері және мәдениеті академиясы ұйымдастыруда.
Айта кетейік, «ҚАЗАҚ КҮШІНІҢ КАРТАСЫ» жобасы өткен жылы Наурыз мерекесінде елордада бастау алған. Бұған дейін Ақтөбе және Павлодар облыстарына экспедициялар ұйымдастырылған. Түркістан бағыты – жобаның рухани-тарихи тұрғыдан маңызды кезеңдерінің бірі. Бұл сапар Наурыз мерекесі мен Түркістанда өтетін көкпардан әлем чемпионатына орайластырылған.
Жобаның мақсаты – қазақтың дәстүрлі күш мәдениетін зерттеп, балуан тастарды ұлттық мұра ретінде жүйелеу және заманауи мәдени айналымға енгізу арқылы ұлттық бірегейлікті нығайту.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/1185480?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді