
Бүгін «Өнер орталығында» облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен еліміздің жаңа Конституциясының қабылдауына орай мерекелік салтанатты жиын өтті.
Аймақ басшысы жиналған жұртшылықты Ұлыстың ұлы күнімен және жаңа Ата заңның қабылдануымен құттықтады.
«Президентіміз «Біз Халық Конституциясын келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілігімізді терең сезіне отырып қабылдадық. Ата заң – қуатты, күшті, бәсекеге қабілетті Қазақстанның жаңа Жарғысы. Жаңа Конституция – көне заманнан бері бабаларымызға бағдар болған дала заңдарының бүгінгі жалғасы, ұрпақтар арасындағы сабақтастық көрінісі» деп атап өтті.
Жаңа Ата заңымыз тәуелсіздігімізді, аумақтық тұтастығымызды сақтайды. Азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарын қорғайды. Елімізді тың жетістіктер мен табыстарға бастайды.
Біртұтас Қазақстан халқының барлық мақсат-мүддесі қамтылған халықтық Конституция еліміздің тыныштығы мен тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
Ақордада өткен салтанатты жиында Президентіміз бүкіл халық атынан жаңа Ата заңымызға, «Конституцияны іске асыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды.
Халық Конституциясы 1 шілдеден бастап ресми түрде өз күшіне енеді. Енді Конституция күнін мемлекеттік мереке ретінде ұлттық деңгейде жыл сайын 15 наурызда атап өтетін боламыз.
Баршаңызды жаңа Ата заңымыздың қабылдануымен шын жүректен құттықтаймын», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Жиында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, заңдылық пен тәртіпті нығайтуға елеулі үлес қосқан азаматтар «Парасат», «Құрмет» ордендерімен, Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен және облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Мерекелік салтанат «Томирис» би ансамблінің, Тұрмағанбет атындағы халық аспаптар оркестрінің, аймақ өнерпаздарының концертімен жалғасты.
Айта кетейік, Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Қызылордада техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуға арналған заманауи «Құзыреттілік орталығы», тұрғын үй кезегінде тұрған жерлестерімізге 400 пәтердің кілті табысталды. Сонымен қатар, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы аясында жаңғыртылған Президент саябағы ел игілігіне пайдалануға беріледі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1185634?lang=kk

Жауап қалдыру