
20 наурыз – «Ұлттық спорт күні». Бұл – Наурызнама жалпыұлттық онкүндігінің жетінші күні. Атаулы күн ептілік пен төзімділікке баулитын, күш пен рух беретін ұлттық спорт түрлерін ұлықтауға арналады. Ұлттық ойындар – атадан балаға қалған мәдени мұра, бүгінгі қоғам өмірінің маңызды бөлігі.
Осыған орай ел ішінде түрлі бағдарламалар ұйымдастырылады. Қазақстан Республикасының Ұлттық орталық музейінде «Ұлы дала ойындары: тарих пен дәстүр» атты көрме өтеді. Көрмеде ұлттық ойындардың тарихы мен халық өміріндегі орны көрсетіледі. «Менің Қазақстаным» орталығында мектеп оқушылары арасында «Ұлттық ойын – ұлт қазынасы» атты турнир өтеді. Сонымен қатар Роза Бағланова атындағы «Қазақконцертте» «Біздің жәрмеңке» концерті, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясында «Әз-Наурыз!» концерті, ал Ғабит Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында «Қош келдің, Әз-Наурыз» балалар қойылымы ұсынылады.
Астанада «Ұлы дала ойындары» атты спорттық эстафета өтсе, «Арғымақ» ат-спорт кешенінде ұлттық спорт түрлерін тамашалауға болады. Сондай-ақ заманауи технология элементтері енгізілген жарыстар өтеді. Алматыда тоғызқұмалақ, асық ату және басқа да дәстүрлі спорт түрлерінен турнирлер жоспарланған. Шымкент қаласында ипподромда аударыспақ, қыз қуу, бәйге және күш сынасу жарыстары ұйымдастырылады. Ел өңірлерінде де ұлттық ойындарды жас ұрпаққа насихаттауға бағытталған жарыстар, көрсетілімдер мен спорттық акциялары өтеді.
Осылайша, Наурызнама аясындағы «Ұлттық спорт күні» ұлттық спорт пен дәстүрдің маңызын айқындайтын ерекше күн ретінде аталып өтеді. Бұл күн халықтың тарихи мұрасын жаңғыртып, мәдени құндылықтарды дәріптеп, қоғамды бірлікке және белсенді, салауатты өмір салтын ұстануға үндейді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/1185639?lang=kk

Жауап қалдыру