
Сессия барысында қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен қоғамдық қауіпсіздігіне қатысты бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Атап айтқанда, жол-көлік оқиғаларының жай-күйі мен оларды азайту шаралары, білім беру саласын дамыту, құқық бұзушылықтың алдын алу, ескі шағын аудандардың ішкі аумақтарын абаттандыру, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстар талқыланды.
Күн тәртібінде білім беру тұжырымдамасын іске асыру, қылмыстық-атқару жүйесіне жәрдемдесу, тиісті консультативтік органдардың құрамын бекіту және тұрақты комиссияның есебі тыңдалды.
Отырыс барысында депутаттар өз ұстанымдарын білдіріп, нақты ұсыныстар мен сауалдарын жеткізді. Қорытындысында бірқатар ұсынымдар ескеріліп, тиісті шешімдер қабылданды.
– Қалада жол қауіпсіздігін арттыру, ескі шағын аудандарды абаттандыру және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажет. Бұл мәселелер тұрғындар үшін қолайлы және қауіпсіз орта қалыптастыруда маңызды рөл атқарады, – деді қала әкімі.
Сессия қорытындысы бойынша жауапты бөлім басшыларына жүктелген міндеттердің сапалы орындалуын қамтамасыз ету және қабылданған шешімдерге тұрақты бақылау жүргізу тапсырылды.
Ақтау қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-goroda-aktau/press/news/details/1186038?lang=kk

Жауап қалдыру