НҰРА АУДАНЫНДА НАУРЫЗ МЕЙРАМЫ КЕҢ КӨЛЕМДЕ АТАЛЫП ӨТТІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Нұра ауданында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы кең көлемде аталып өтті. Көктемнің жаңаруын, бірлік пен татулықты дәріптейтін мереке аудан тұрғындары мен қонақтарын бір алаңға біріктіріп, ерекше көңіл-күй сыйлады.

Мерекелік іс-шара аудан орталығында ұйымдастырылып, ұлттық нақышта безендірілген сахнада «Наурыз – жаңару мен береке мерекесі» атты театрландырылған қойылым көпшілік назарына ұсынылды. Қойылым барысында қазақ халқының бай мұрасы, салт-дәстүрлері мен дүниетанымы көрініс тауып, Ұмай ана, Жер ана, Қыдыр ата сынды киелі бейнелер арқылы береке мен бірлікке үндейтін тағылымды көріністер сахналанды.

Мереке аясында аудан әкімі тұрғындарды Наурыз мейрамымен құттықтап, бұл мерекенің татулық пен келісімнің, жаңару мен жасампаздықтың символы екенін атап өтті. Сондай-ақ ел бірлігі мен ортақ құндылықтарды сақтау – баршаға ортақ міндет екендігін жеткізді.

Іс-шара барысында ұлттық спорт түрлері ұйымдастырылып, алтыбақан құрылып, ән мен би, әзіл-қалжыңға толы сахналық қойылымдар ұсынылды. Өнерпаздар халық әндерін шырқап, би ұжымдары көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Мерекенің маңызды бөлігі ретінде киіз үйлер тігіліп, әр шаңырақта ұлттық тағамдарға толы ақ дастархан жайылды. Тұрғындарға наурыз көже, бауырсақ, қазы-қарта және өзге де ұлттық тағамдар ұсынылды. Сонымен қатар, алаңда ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылып, жергілікті шаруалар өз өнімдерін тұрғындарға қолжетімді бағамен ұсынды.

Қайырымдылық бағытында да игі шаралар жүзеге асырылып, көпшілікке арналған тегін дастархан жайылып, ұлттық тағамдар таратылды. Бұл игі бастама мерекенің басты құндылықтарының бірі – мейірімділік пен өзара көмек қағидаларын айқындай түсті.

Жалпы, Наурыз мейрамы Нұра ауданында жоғары деңгейде ұйымдастырылып, тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй, шаттық пен қуаныш сыйлады.

Ұлыстың ұлы күні баршаға құт-береке әкелсін! Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын!

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda-nurinsk/press/news/details/1186610?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді